Қазақстанда авторлық құқықтарды басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
QazCopyright деп аталатын бұл жүйе авторлық және сабақтас құқықтарды тиімді басқаруға бағытталған. Платформа аясында шығармалар, авторлар және құқық иеленушілер бойынша бірыңғай тізілім қалыптастырылады. Сонымен қатар, келісімшарттарды жасау және сыйақы есептеу процестері толықтай автоматтандырылады.
Жаңа цифрлық шешімнің басты ерекшелігі – ашықтық. Енді барлық келісімшарттар жүйеде тіркеліп, авторлар өз туындыларының қайда және қанша рет пайдаланылғанын нақты уақытқа жуық режимде бақылауға мүмкіндік алады. Мәселен, әндердің теледидар мен радио эфирінде неше рет орындалғаны мобильді қосымша арқылы көрінеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.
– Бұл ашық жүйе. Барлық шарттар осы жүйеде көрсетіледі. Теледидар мен радиода ән қанша рет орындалса да, оның барлығы мобильді қосымша арқылы көрінеді. Әрбір әртіс оны бақылап отыра алады. Біз жүйені қаңтар айында іске қостық, алғашқы төлемдерді маусым–шілде айларында, тоқсан аяқталғаннан кейін жасалады деп күтілуде. Өнер иелері өз еңбегінің нақты монетизациясын көреді, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұл платформа авторлық құқық саласындағы ашықтықты арттырып, шығармашылық иелерінің табысын әділ бөлуге мүмкіндік береді.





