Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік жауапкершілік шаралары жаңартылды. 2026 жылы белгіленген айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты жол ережесін бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де өзгерді. Сонымен қатар биылғы 12 наурыздан бастап жаяу жүргіншілердің де тәртібін бейнебақылау камералары мен дрондар қатаң қадағалай бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жылдамдық пен маневр жасау ережелері
Жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі – жылдамдық режимін сақтау. Заңнамаға сәйкес, жылдамдықты сағатына 10-20 км-ге асырғандар 5 айлық есептік көрсеткіш (21 625 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Жылдамдық шегінен 60 км-ден жоғары асқан жағдайда айыппұл 40 айлық есептік көрсеткішке (173 000 теңге) дейін жетеді. Сондай-ақ бағдаршамның қызыл түсіне өту 43 250 теңге шығын әкелсе, бұрылу сигналын қоспаған жүргізушілерге 21 625 теңге айыппұл салынады. Ең ауыр жаза қарсы бағытқа шыққандарға қолданылады: мұндай құқық бұзушылық үшін жүргізуші куәлігінен 6 айға айыру көзделген.
Автокөлік ішіндегі тәртіп және техникалық күй
Көлік тізгінінде отырып телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау – бүгінде жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі. Бұл әрекеттер үшін 21 625 теңге төлеуге тура келеді. Жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзу, атап айтқанда, жолаушылардың терезеден шығып кетуі сияқты жағдайлар анықталса, 43 250 теңге айыппұл салынады. Автокөліктің техникалық жағдайы да назардан тыс қалмауы тиіс: заңсыз қайта жабдықтау үшін 64 875 теңге, ал техникалық байқаудан өтпеген көлік үшін 21 625 теңге өндіріледі.
Тұрақ пен мас күйде көлік басқару
Қоғамдық тәртіпті бұзатын тұрақ ережелеріне де қатаң талаптар қойылған. Көлікті тротуарға, гүлзарға немесе балалар алаңына қою, сондай-ақ мүгедектігі бар жандарға арналған орынды иелену 43 250 теңге айыппұлмен жазаланады. Мас күйде көлік айдағандарға салынатын санкциялар тіпті қатаң. Алкоголь мөлшеріне байланысты айыппұл 865 000 теңгеден басталып, 1 297 500 теңгеге дейін жетеді. Ал медициналық куәландырудан бас тартқандар 1 081 250 теңге төлейді немесе 15 тәулікке қамалады.
Жаяу жүргіншілер мен дрондар бақылауы
Биылғы жылдың басты жаңалығы – жаяу жүргіншілердің жауапкершілігі. Жаяу жүргінші жолынан тыс жерден өткендер үшін 8 650 теңге айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін дрондар қолданылатынын ескерген жөн. Сондай-ақ апатты жағдай туғызған жүргізушілер 43 250 теңге, ал жол апаты орнынан қашып кеткендер 216 250 теңге айыппұл төлейді немесе 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.





