Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың төрағалығымен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында 2025 жылғы атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы 2026 жылға арналған басым міндеттер айқындалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы министрліктің ресми мәліметіне сілтеме жасап.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Парламент пен Үкіметтің өкілдері, Министрліктің Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Алқа жұмысы барысында нормашығару сапасын арттыруға, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізуге, сот-сараптамалық қызметті дамытуға және заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Министр нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың сапасын күшейту, сондай-ақ мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерді дайындау мен қабылдау сатысындағы жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Заң қызметтері саласында нотариат пен адвокатураны цифрландыру, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу механизмі мен оның сапасын бағалау жүйесін қайта қарау басым бағыттар ретінде белгіленді. Сонымен қатар зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мақсатында авторлық құқықтарды ұжымдық басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және мәжбүрлеп орындату саласында бақылауды күшейту міндеттері талқыланды.
Алқа барысында барлық реформалардың бастауы адам екені, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі басты орында екені айтылды. Қорытындылай келе, Министр Ерлан Сәрсембаев 2026 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыруда әділет органдарының рөлін айқындайтын нақты нәтижелер жылы болуы тиіс екенін атап өтті.





