Әділетті қоғам орнату – кез келген мемлекеттің стратегиялық мақсаты. Бірақ әділеттілік тек ұранмен немесе декларациямен емес, нақты шешімдермен, ашықтықпен және жемқорлыққа мүлде төзбеушілікпен құрылады. Қазақстан үшін жемқорлықты жою – тек құқықтық мәселе емес, бұл экономикалық тұрақтылықтың, ұлттық қауіпсіздіктің, мемлекетке деген сенімнің өзегі. Сондықтан соңғы жылдары мемлекет жемқорлықпен күрес саясатын күшейтіп, қоғамдық бақылау институттарын дамытуға ерекше басымдық беруде. Бұл бағыттағы реформалар қоғамның сұранысына, уақыттың талабына және ел дамуының ұзақмерзімді стратегиясына толық сәйкес келеді.
Жемқорлық – тек бір адамның қылмысы емес, ол жүйеге енетін болса, тұтас институттарды әлсіретеді, әділеттілікті бұзады, экономиканы баяулатады, жастардың мүмкіндігіне шектеу қояды, халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Сондықтан бүгінгі реформалар тек қылмысты жазалауға емес, жемқорлықтың пайда болуына жол бермейтін экожүйе қалыптастыруға бағытталып отыр. Бұл ретте ең алдымен кадрлық саясаттың ашықтығы, мемлекеттік сатып алулардың толық цифрлануы, лауазымды тұлғалардың табысы мен мүлкін жариялау, мүдделер қақтығысын болдырмау сияқты механизмдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Қоғамдық бақылаусыз жемқорлықпен күресу мүмкін емес, сондықтан азаматтық қоғам институттары, журналистер, белсенділер және сарапшылар осы процеске кеңінен тартылуда.
Қазақстанда соңғы жылдары жүргізілген цифрлық реформалар да жемқорлық тәуекелдерін азайтуда маңызды рөл атқарды. Мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, адам факторы қысқарған сайын жемқорлыққа мүмкіндік беретін «көлеңкелі» тетіктер азаяды. Электрондық үкімет, цифрлық төлемдер, онлайн-аукциондар, ашық бюджеттік жоспарлау – бұлардың бәрі ашықтықты арттырады. Әсіресе мемлекеттік сатып алулар саласында айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Барлық сатып алу рәсімдерінің ашық онлайн форматқа көшуі, жасырын келісімдерге тосқауыл қойып, кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндіктер жасады. Бұрын сыбайластыққа жиі бейім салалардың бірі ретінде қарастырылған жер қатынастары, құрылыс рұқсаттары, әлеуметтік көмек тағайындау процестері де толық цифрлануға кезең-кезеңмен көшіп жатыр.
Жемқорлықпен күрестің маңызды аспектілерінің бірі – әділ сот жүйесі. Егер азамат әділет іздегенде нақты қорған таба алмаса, қоғамда сенім қалыптаспайды. Әділ сот жүйесі тек қылмыстық істерде емес, әкімшілік, азаматтық дауларда да әділеттің жеңуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – шын мәніндегі құқықтық мемлекет құрудың негізі. Соңғы жылдары сот саласында енгізіліп жатқан ашық сот процестері, онлайн талқылаулар, судьялардың жауапкершілігін арттыру тетіктері осы бағыттағы маңызды қадамдар болып табылады.
Жемқорлықты жою – бір күндік іс емес, бұл ұзақ мерзімді мәдени өзгеріс. Бала «әділдік» ұғымын отбасынан, мектептен, қоғамнан үйренеді. Сол себепті білім беру жүйесінде адалдық, жауапкершілік, құқықтық мәдениетке бағытталған бағдарламалар енгізіліп жатыр. Мектеп пен университет қабырғасында алынған адамгершілік құндылықтар кейін қоғамның жалпы мәдениетіне айналады. Мемлекеттің «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Adaldyq alańy» жобалары дәл осы құндылықты қалыптастыруға бағытталған.
Жемқорлықпен күрес тек жазамен шектелмеуі тиіс. Осы күнге дейінгі тәжірибе көрсеткендей, қатал жаза әрдайым тиімді нәтиже бере бермейді, егер адамның жемқорлыққа баруына итермелейтін жағдайлар өзгермесе. Сондықтан мемлекет жүйені алдын алу бағытында өзгертіп, лауазымға қойылатын талаптарды күшейтіп, мемлекеттік қызметке кіруді мейлінше ашық және меритократиялық етуге үлес қосуда. Еңбекақының әділ болуы, жұмыс жүктемесінің өз деңгейінде бөлінуі, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы да жемқорлықтың алдын алатын факторлардың бірі.
Қоғамның өзі де жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруы керек. Тұрмыстық жемқорлыққа жол бермеу, пара беруден бас тарту, заңдылықты талап ету – бұл да үлкен мәдениет. Егер әр адам өзін әділетті қоғамның мүшесі ретінде сезініп, заңды құрметтесе, жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады. Осы тұрғыдан алғанда ақпарат құралдарының, журналистиканың рөлі ерекше. Ашықтықты талап ету, фактілерді жариялау, қоғамды ақпараттандыру – бұл да жемқорлыққа қарсы күрестің маңызды құралдарының бірі.
Әділетті қоғам құру – тек мемлекеттік міндет емес, бұл бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жемқорлықты жою туралы реформа ел болашағына тікелей әсер етеді. Әділет үстемдік еткен жерде экономика да өседі, инвестиция да тартылады, адам капиталы да дамиды, ең бастысы – халықтың мемлекетті басқаруға сенімі артады. Қазақстан бүгін осы жолда байыпты, жүйелі, нақты қадам жасап келеді. Бұл күресте тоқырауға жол беруге болмайды, өйткені әділетті қоғам құру – мемлекеттің ең басты миссияларының бірі. Адалдыққа негізделген жүйе ғана ұлттың болашағын жарқын ете алады.
Әділет Сұлтанбекұлы,
комплаенс-офицер





