«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кәсіби жауапкершілігіне міндетті сақтандыру енді.
Мәселен, Заңның 36-бабы және 77-бабында көрсетілгендей, адвокат және заң кеңесшісі шартқа сәйкес заң көмегі көрсетілетін үшінші тұлғаға зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Осы баптардың ережелеріне сәйкес шарты болмаған жағдайда заң көмегін көрсетуге құқылы емес.
Сақтандыру төлемі тұтынушыларға адвокат және заң кеңесшісі абайсызда осындай кәсіби қателер жасаған жағдайда жүргізіледі:
1) іс жүргізу мерзімдерін өткізу;
2) құжаттарды дұрыс ресімдемеу;
3) тұтынушыға жасалатын заң әрекеттерінің салдары туралы хабарламау, бұл оған зиян келтіруге әкеп соғады;
4) тұтынушының құжаттарын жоғалту немесе бүлдіру;
5) мәліметтерді заңсыз жария ету.
Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сомасының мөлшері республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында қызметін жүзеге асыратын адвокаттар және заң кеңесшілері үшін – 1000 еселенгеннен кем емес, өзге адвокаттар және заң кеңесшілері үшін – 500 еселенгеннен кем емес АЕК мөлшерін құрауы тиіс. Сақтандыруды енгізу азаматтарға адвокат немесе заң кеңесшісі құқықтық көмек көрсету туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда сақтандыру өтемін алуға мүмкіндік береді.
Сақтандыру шартында сақтандыру нысаны, жағдайы, сомасы, сыйақысы, тарифтік мөлшерлеме, франшиза, мерзімі және сақтандыру аумағы көрсетілуге тиіс. «Жалпы сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар заңды тұлға сақтандырушы бола алады. Адвокаттар мен заң кеңесшілерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру азаматтарға білікті заң көмегін алуға кепілдік береді.
А. АРАП,
облыстық әділет департаментінің басшысы





