ЗАҢ ҺӘМ ТӘРТІП. Осы екеуі елімізде жүзеге асып жатқан реформаның негізінде тұғырлы болуы тиіс. Сонда ғана еліміз бағыт алған Әділетті Қазақстан орнайды. Мемлекет басшысы: «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс», – деген еді. Ал қауіпсіздік қалай орнайды? Кім орнатады? Жалпы, елімізде заңның үстемдігін тұғырлатып, тәртіп қағидатын қалыптастырып жүрген жандарды кейде аңғармаймыз. Олар арамызда, олар жанымызда. Сондай көзге көрінбейтін қарекеті бар жандардың бірі – Әділет Тұрсынбаев. Ескелді аудандық полиция бөлімі, тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі қызметін арқалаған азамат заң мен тәртіптің іргелі болуы үшін тер төгіп келеді. Тер төге бермек.
Жуырда облыстық полиция департаменті үздік құқық қорғаушыларды анықтапты. Қызметтік көрсеткіштерді бағалау, жұмыс нәтижелері мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі сараланған кезде өңір тергеушілері қатарынан кейіпкеріміз үздік танылыпты. Оған себеп те жоқ емес. Еселі еңбегі мен тергеушілік құзыретін атқарғалы жүзеге асырған оңтайлы қарекеті бар. Сонымен қатар, былтыр Ескелді ауданында орын алған қылмысты 3-ақ күнде тергеп, айыптыны заңға сай жауапқа тартқан үлесін тағы қосыңыз. Негізі кей тергеу амалдары жылдап жүзеге асырылатын болса, бұл ретте Әділеттің қағылез қимылы, шапшаң әрекеті және жүйелі жұмысы азғантай уақытта қылмыстың ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осыдан ол үздік тергеуші.
Әділет Ерікұлы бұл салаға кездейсоқ келмеген. «Әке көрген оқ жонар» тәмсілінің тұрмыста ақиқат екені оның таңдауынан айқын байқалады. Мәселен, кейіпкеріміздің әкесі саналы ғұмырын осы салаға арнаған. Қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастырған. Қазір құрметті зейнетте. Бүгінде династиялық қызметті Әділет пен оның інісі жалғап келеді. Інісі Талдықорған қаласында учаскелік полиция инспекторы. Өзі ҚР Ішкі істер министрлігінің Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында білім алған. Әуелде анықтаушы болып, кейін тергеушілік қызметке ойысқан. Осы қызметте жүріп 500-ге жуық істі тергеуге қатысқан. Қарап тұрсаңыз 500 ауызбен айтқанға аз сан, ал оның іс жүзінде жүргізілген жұмысына келгенде қанша ұйқысыз түн, тынымсыз күн өтті дерсіз.
Тергеуші болу оңай шаруа емес. Әдетте менің құзыретіме ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша тергеу жүргізуге тура келеді. Әрбір істе эмоционалдық, психологиялық сипатта соққы аласың. Бірақ, тергеушіге салқынқандылық және бейтарап шешім шығару керек. Біздің міндет – заңға сай құқықбұзушыны анықтау. Маған ауыр тиетіні балаларға қатысты, балаларға қарсы жасалған қылмысты тергеу. Бала өсіріп отырған азамат ретінде қиынға соғады. Міндетім – қылмыскерді анықтау болған соң барынша ыждағаттылықпен, сабырмен қарекет етемін, – дейді тергеуші.
Кейіпкеріміз 2022 жылы шаңырақ көтерген. Жары да құқық саласынан алыс емес, заңгер қызметінде. Бір қыз тәрбиелеп отыр. Айтуынша, қылмысты тергеу барысында қанша сұмдық жайттарға қаныққанмен, оны отбасына білдірмеу, қылмыс болған жердің ауа-райын шаңырағына апармау қажет.
Қылмысты және қылмыскерді тергеу барысында адам психологиясынан тыс жайттарға тап боламыз. Кей қылмыстың атмосферасы қатты ауыр тиеді. Спирттік ішімдік алуға ақша бермегені үшін адам өміріне қол салу сұмдықтың сұмдығы. Ал адамның қылмысты қалай жасағанын тәптіштей тергеу тас жүрек пенденің өзін іштарттырады ғой. Осындай жайлардың салған әсерін отбасыма жеткізбеу міндетім. Мен – құқық қорғаушымын, бастысы заң үстемдігін қалыптастырушымын. Жарым мен балаларым өзін қауіпсіз сезінуі керек. Қауіпсіз болуы тиіс, – дейді майор Әділет.
Тағы бір жайт, кейіпкеріміз жұмыс барысында көп дәйекке көз жеткізген. Мәселен, кей қылмыс барысында үшінші тараптың қылаң беретіні байқалады. Жәбірленуші мен жәбірлеушіден бөлек үшінші кейіпкер болып қалады. Ол кейіпкердің аты – алкогольді сусын. Тергеушінің айтуынша, орын алған қылмыстың денінде осы кейіпкер бар.
Әділет Тұрсынбаев – «Отызда орда бұзған азамат». Отбасылы, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатыр, қоғамға пайдасын тигізуде. Мұнысы да елеусіз емес. 2025 жылдың үздігі. Мемлекет басшысы: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», – деген еді. Кейіпкеріміз ұжымда сыйлы, құрметті. Бастысы елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатының тұғырын биік етіп келеді.





