Қазіргі нарықтық заманда ақша табу ғана емес, оны дұрыс жұмсай білу – өте маңызды дағды. Көптеген азаматтар табысы өскенімен, ай соңында қаражат тапшылығын сезінеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселенің түп-төркіні қаржылық сауаттылықтың төмендігінде жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Fingramota.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаржылық тәуелсіздікке жету үшін миллиондаған табыс табу шарт емес. Ең бастысы – қолда бар қаражатты жүйелі басқару. Мамандар әрбір отбасы ескеруі тиіс негізгі қағидаларды ұсынады.
1. «50-30-20» ережесін қолданыңыз Бұл – бюджетті жоспарлаудың ең қарапайым әрі тиімді формуласы. Табысыңызды үш бөлікке бөліңіз:
-
50% – міндетті шығындар (коммуналдық қызмет, азық-түлік, жол ақысы, несие төлемдері).
-
30% – жеке қалауларыңыз (демалыс, киім-кешек, ойын-сауық).
-
20% – болашаққа инвестиция және жинақ. Егер міндетті шығындарыңыз 50%-дан асып кетсе, онда қалауларыңызды шектеп, үнемдеуге тура келеді.
2. «Қауіпсіздік жастығын» жасақтаңыз Өмірде күтпеген жағдайлар (жұмыстан шығып қалу, ауырып қалу, техниканың сынуы) жиі болады. Осындай кезде қарызға батпау үшін қорыңызда кемінде 3-6 айлық шығыныңызды жабатын ақша болуы керек. Бұл сізге психологиялық сенімділік береді.
3. Эмоционалды саудадан аулақ болыңыз Маркетологтар түрлі жеңілдіктер мен акциялар арқылы қажетсіз заттарды сатуға тырысады. Дүкенге барар алдында нақты тізім жасаңыз. Ал қымбат зат сатып алар алдында «24 сағат ережесін» қолданыңыз: бір тәулік ойланыңыз, егер ертеңіне сол затқа деген қажеттілік жойылмаса ғана сатып алыңыз.
4. Ақшаны жұмыс істетіңіз Ақша жай ғана үйде жатса, инфляция оны «жейді». Депозиттер, бағалы қағаздар немесе жылжымайтын мүлікке инвестиция салу арқылы капиталыңызды сақтап қана қоймай, көбейте аласыз. Қазақстандық банктердегі депозиттер 14-16% шамасында табыс әкеледі және 10 млн теңгеге дейін мемлекеттік кепілдікпен қорғалған.
Не істеу керек? Қаржылық сауаттылық – бір күнде үйренетін іс емес, ол – әдет. Бүгіннен бастап барлық кіріс пен шығысты жазып отыруды бастаңыз. Смартфоныңызға арнайы қосымшаларды жүктеп, ақшаңыздың қайда кетіп жатқанын бақылауға алыңыз.





