Кезінде жерасты байлығын өндіріп, ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосқан Текелі қаласы – еңбек адамдарының мекені. Бұл шаһардың әрбір көшесі, әрбір тас жолы шахтада маңдай терін төккен кеншілердің табандылығы мен қайсар рухының куәсіндей. Бүгінде сол ауыр еңбектің дәмін татқан, өмірін өндіріс пен ел игілігіне арнаған ардагер шахтерлер қалада абыройлы ғұмыр кешіп отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Еңбекпен шыңдалған бұл жандар уақыт ағымына қарамастан қоғам өміріндегі маңызды сәттерден ешқашан шет қалмайды. Референдум күні де олар өз учаскелеріне арнайы келіп, азаматтық борыштарын орындап, ел болашағына қатысты таңдауын жасады. Бұл жылдар бойы елге қызмет еткен буынның мемлекет тағдырына деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Солардың қатарында Арман Қожабек, Шынар Қожабекова, Қонғанбаев Қайыпжан, Раушан Маханбетова, Владимир Бормсенко, Ольга Борисенко, Надежда Артеменко, Надежда Батырбекова секілді ардагерлер бар. Олар шахтадағы ауыр еңбек жылдары арқылы төзімділік пен табандылықтың не екенін жақсы біледі. Сондықтан елдің ертеңіне қатысты әрбір шешімнің маңызын да терең түсінеді.
– Мен өмір бойы еңбек еттім, ел игілігі үшін тер төктім. Бүгін де ел болашағына бей-жай қарамай, өз таңдауымды жасауға келдім. Әр азаматтың дауысы маңызды деп ойлаймын. Бірлік пен жауапкершілік қашанда қоғам дамуының негізі болып саналады. Сондықтан мұндай маңызды күндері халықтың белсенділігі ерекше мәнге ие, – дейді ардагер шахтер Қайыпжан Қонғанбаев.
Расымен де, кеншілер қаласының ардагерлері үшін еңбек пен ел ұғымы егіз. Шахтадағы қараңғы забойда жүріп шыңдалған олардың жігері мен өмірлік тәжірибесі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Олар дауыс беру арқылы тек өз таңдауларын ғана жасап отырған жоқ, сонымен бірге елдің тұрақты дамуына деген сенімін білдіріп, кейінгі буынға азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп отыр.
Текелілік ардагер шахтерлердің бұл қадамы – өткен мен бүгінді жалғаған өнегелі сабақ іспетті. Өмірін еңбекпен өрген жандар үшін ел тағдыры әрқашан қымбат, ал мемлекет болашағына бейжай қарамау – нағыз азаматтықтың белгісі.





