Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар қоғам өмірінің барлық саласына тың серпін беріп, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Осы орайда, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында «Жастар және Конституция: менің құқықтарым, менің дауысым, менің болашағым» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформаның мәні мен маңызын жастар арасында кеңінен түсіндіру, Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістердің мазмұнын ашу, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың азаматтық белсенділігін дамыту. Сонымен қатар, жастарға ұсынылып отырған жаңа мүмкіндіктерді талқылап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету көзделді. «Дөңгелек үстел» жұмысына колледж студенттері қатысып, елдегі маңызды саяси-құқықтық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Іс-шара барысында Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізгі бағыттары, олардың қоғам мен жастар өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Спикерлер Қуаныш Мүсілімұлы, Темірлан Нұрланұлы Ерасыл Айдынұлы конституциялық реформаның басты мақсаты – әділетті, ашық және жауапты мемлекет қалыптастыру екенін атап өтіп, жастардың бұл үдерістегі рөліне ерекше тоқталды. Кездесу барысында жастардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, олардың білім алу, еңбек ету, қоғамдық өмірге араласу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, жаңа реформалар аясында жастарға ұсынылып отырған әлеуметтік және азаматтық бастамалар, мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталды.
«Дөңгелек үстел» ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ойларын еркін білдіріп, сұрақтарын қойды. Студенттер конституциялық өзгерістердің өз өмірлеріне тигізетін әсері, жастардың қоғамдағы орны, азаматтық белсенділіктің маңызы туралы тұшымды пікірлерін ортаға салды. Ашық диалог алаңы жастардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, құқықтық мәселелерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ
ЖУ студенті






