Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің төрағалығымен жерге қатысты заңбұзушылықтарды болдырмауға байланысты жер қатынастары басқармасының өкілдерімен бірлескен отырыс өткізілді.
Жиында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Кашкимбаев пен облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Асқар Жолдағұтов күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша баяндама жасады. Басқосу барысында негізінен ҚР Бас прокуратурасының ұсынысымен жер заңнамаларын өрескел бұзу деректерін анықтау және оны оңтайлы шешу мәселесі қаралды.
– Жер телімдерін конкурс өткізбей беру, жер телімдерін негізсіз жеке қосалқы шаруашылық қарамағына өткізу және ауылшаруашылық мақсатындағы жер телімдерін шағын көлемнен төмен мөлшерге лайықтап негізсіз саралау, – деп Қуанышбек Кашкимбаев облыстағы «Жер қатынастары туралы» Заңның негізгі бұзылу түрін атап өтті.
Жиында облыстағы жерге қатысты заңбұзушылықтар талқыланып, тиісті ескертулер айтылды. Заң талаптарына сәйкес келмейтін деректерді анықтап, оларды жоюға арнайы уақыт белгіленді. Аталған заңбұзушылықтар бойынша жерді қорғау және оны тиімді пайдалану бағытында комиссия құрылып, өз жұмысын жүргізетін болады. Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Сәдуақасов мұндай мәселе жергілікті атқарушы органдардың жеткілікті деңгейде назар аудармауынан туындап отырғандығын атап өтті.
Алдағы уақытта ҚР Бас прокуратурасы көрсеткен заңбұзушылықтар қатаң бақылауда болмақ.
М. Серікқызы




