Алматыда жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысы шығарылды. Екі күн ішінде полиция қызметкерлері 4 828 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады. Атап айтқанда, көлікті басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік жүргізуінің 44 дерегі, сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың қайтадан көлік басқарған 8 дерегі тіркелді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сонымен қатар, жалған мемлекеттік нөмір пайдаланған 8 дерек пен жолдың қарсы бағытына шыққан 15 жағдай тіркелді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2 мыңнан астам көлік, соның ішінде шетелдік тіркеудегі автокөліктер айып тұрағына қойылды.
Қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев:
– Шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Қазіргі уақытта полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жүргізуші куәлігінсіз немесе одан айырылғаннан кейін көлік басқару, қарсы жолаққа шығу, жалған нөмірлерді пайдалану – адам өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін әрекеттер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысымыз қатаң әрі принципті түрде жалғасады, – деді.





