Алматы облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында атыс болды. Қарулы жанжал ауылдағы екі топ арасында шыққан. Бұл туралы «Tengrinews.kz» тілшісі Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға кезінде суық қару және атыс қаруы қолданылған. Төрт адам ауруханаға жеткізілді, сондай-ақ, оқиға орнынан алыс емес жерде жергілікті 27 жастағы тұрғынның мәйіті табылды.
— Он шақты адам осы оқиғаға қатысқан, полиция олардың жеке басын анықтады. Үшеуі қамауға алынды. Төртеуі ауруханаға жеткізілді. Ауруханадағалардың біреуіне оқ тиген. Жедел іздестіру шаралары барысында тағы үш адам ұсталды. Оларға қатысты сот қамауға алуға санкция берді. Қажетті сараптамаларды тағайындау дерегі бойынша тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру», «Атыс қаруын қолданумен бұзақылық жасау», сондай-ақ «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Тергеу шаралары Алматы облыстық тергеу басқармасының өндірісіне қабылданып, департамент басшылығының ерекше бақылауына алынды, — деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.
Полицейлер бұзақылардан екі пышақ пен үш тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тәркілеген. Қарулар заттай дәйек ретінде іс материалдарына тігілген. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





