Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Нуркент ауылында болған оқиға қоғамның ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желілерде кішкентай бүлдіршінге жасалған зорлық-зомбылық видеосы тарағаннан кейін, сот күдікті әйелді қамауға алу туралы шешім шығарды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, өз баласын аяусыз ұрып-соқты деп айыпталған 28 жастағы әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі «Қинау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптың санкциясы кінәлі адамды 4-7 жыл аралығында бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр және бірқатар сот сараптамалары, соның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Жетісу облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Процессуалдық шешім барлық сараптама қорытындылары дайын болған соң қабылданбақ.
Белгілі болғандай, бұл отбасында екі бала тәрбиеленіп келген: бірі 4 жаста, екіншісі 2,5 жаста. Қазіргі таңда екі бүлдіршін де анасынан алынып, Талдықорған қаласындағы балалар мекемесіне орналастырылды. Олар дәрігерлер мен білікті тәрбиешілердің тұрақты бақылауында. Сонымен қатар билік органдары әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін талқылап жатыр.
Тек анасы ғана емес, балалардың әкесі де жауаптан қашып құтыла алмайды. Оған қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамау дерегімен іс басталды. Заңға сәйкес, әкесіне ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 3 жылға дейін бас бостандығы шектелуі мүмкін.
Бұл оқиға Нуркент ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға арналып салынған көппәтерлі үйлердің бірінде болған. Видеоны сол үй иесінің құрбысы түсіріп алған.





