Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасында білім беру, адам капиталы, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық даму бағыттары ретінде айқындалуы – еліміздің болашағына бағытталған маңызды қадам. Аталған ұстанымдар білім беру жүйесінің, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудің қоғамдағы рөлін айқындай түседі.
Конституция жобасында мемлекеттің кәсіби және техникалық білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуі, тұлғаның дамуы мен кәсіби даярлығына жағдай жасауы негізгі міндет ретінде белгіленген. Бұл нормалар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, оның ішінде колледждердің қызметін құқықтық тұрғыдан нығайтып, оларды еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлаудың маңызды буыны ретінде бекітеді.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі үшін бұл өзгерістер ерекше мәнге ие. Конституциялық деңгейде білімнің стратегиялық басымдық ретінде танылуы колледждерде жұмысшы және техникалық мамандықтарды, сондай-ақ, заманауи IT және цифрлық бағыттарды жүйелі түрде дамытуға берік негіз қалайды. Бүгінгі таңда колледжде оқу бағдарламаларын жаңарту, практикалық бағыттағы пәндердің үлесін арттыру, дуалды оқытуды кеңейту және цифрлық құзыреттерді қалыптастыру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Колледжде білім беру үдерісін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Электрондық білім беру ресурстары, ақпараттық жүйелер, цифрлық платформалар кезең-кезеңімен енгізіліп, студенттердің IT дағдыларын дамытуға бағытталған оқу ортасы қалыптастырылуда. IT мамандарын колледж деңгейінде даярлау заңды әрі өзекті бағыт ретінде қарастырылып, цифрлық мамандықтар техникалық және кәсіптік білім берудің ажырамас бөлігіне айналып отыр.
Конституция жобасында жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану жағдайында қорғау нормаларының бекітілуі білім беру саласын цифрландыру үшін маңызды құқықтық алғышарт саналады. Бұл колледжде цифрлық шешімдерді қауіпсіз және жауапты түрде енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша, Конституция жобасында бекітілген білім беру мен цифрлық құқықтарға қатысты нормалар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын цифрлық экономиканың талаптарына бейімдеуге және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға жол ашады.
Талдықорған жоғары политехникалық колледжі білім беру саласына қатысты ұсынылып отырған конституциялық нормаларды қолдай отырып, оларды заманауи, тұрақты және болашаққа бағдарланған техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қалыптастырудың маңызды құқықтық негізі деп санайды.
Шыңғыс НҰРҒОЖАЕВ,
Талдықорған жоғары политехникалық
колледжінің директоры





