Жетісу өңіріне келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілі Ерболат Саурықов алғаш болып облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жұмысын саралады. Материалдық-техникалық базасының жағдайымен танысып, мамандардың кәсіби дайындығына оң баға берді.
– Жыл басындағы жоспарға сай маған 3 облыс (Жетісу, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан) бекітілген. Дейтұрғанмен барлық облысты қамтуға тырысамыз. Ең маңызды нысана – тұрғындармен кездесу. Олардың көкейіндегі мәселелерді тиісті деңгейде шешуге атсалысу. Бұл ретте де жоспарлы жұмыстар қажет. Мәселелерді облыс және республикалық деңгейде шешуді қарастырамыз. Сапарымыздың алғашқы кездесуі Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінде басталып отыр. Құрылымның материалдық-техникалық базасын, мамандардың кәсіби біліктілігін жоғары бағалаймын. Сала мәселесіз емес, облыста халық саны көп. Алакөл, Балқаш көлдері, таулы аймақтар мен орман қорының молдығын ескерсек, штат жетіспеушілік байқалады. Алдағы уақытта осы мәселені шешуге тырысамыз, – деді халық қалаулысы.
Кездесуде Ерболат Байұзақ-ұлы көтерілген әлеуметтік және кәсіби мәселелерге байланысты ұсыныстар назарға алынып, заңнамалық деңгейде жұмыс атқарылатынын жеткізді. Халық қалаулысы жергілікті құрылымдармен бірлесе жұмыс істеу маңызды екенін атап өтіп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту керегін баса айтты.
Осыдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілі Ерболат Саурықов №18404 әскери бөлім – 37 десанттық шабуылдау бригадасының қызметімен танысты.
Халық қалаулысы алдымен ұшқышсыз ұшу құрылғысын басқару бойынша арнайы дайындықтан өтіп жатқан сарбаздардың жұмысымен, жеке құрамның күнделікті қызметі, әскери техникалармен танысты. Шара барысында әскери қызметкерлердің материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету басты назарға алынды.
Келесі кезекте №21751 әскери бөліміне бас сұғып, әскери әуе техникасының жай-күйі, ұшу құрамының кәсіби даярлығын көрген. Ерболат Саурықов әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттыру, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сапар соңында халық қалаулысы «Ауыл» партиясы Жетісу облыстық филиалының активімен және аймақ фермерлерімен кездесті. Онда партия мүшелерінің аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстары, алдағы жоспарлары кеңінен талқыланды. Шараға қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Депутат көтерілген мәселелер шешімін табатынын айтып, әр саланың үздік қызметкерлерін марапаттады. Солардың қатарында Жұмағали Жексенбіұлына «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.
Айдар ҚАЛИЕВ





