Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруда көптеген жаңашылдық енгізіліп, департамент жұмысы басты басымдықтарының біріне айналды. Қазіргі таңда бұл бағытта бірнеше маңызды тетіктер жүзеге асты.
Біріншіден, цифрландыру үдерісі күшейтілді. Азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау және кері байланыс орнату мақсатында электрондық үкімет порталының Telegram-боты – EgovKzBot2.0 (@Kenes1414Bot) белсенді қолданылуда. Бұл құрал азаматтарға мемлекеттік қызмет алу барысында туындаған мәселелер туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді. Яғни, нақты шағымдар мен талдау нәтижелеріне сүйене отырып ұйымдастырылады. Бұл артық әкімшілік жүктемені азайтып, нақты проблемалық бағыттарға назар аударуға мүмкіндік туғызады. Тағы бір маңызды бағыт – профилактикалық жұмыс. Мемлекеттік органдарға әдістемелік түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңнама талаптарын дұрыс қолдану бойынша ұсынымдар берілуде. Мақсат – бұзушылықтарды анықтаудан бұрын олардың алдын алу.
Қазіргі уақытта Telegram-бот арқылы 14 азаматтан өтініш келіп түсті. Бұл азаматтардың мемлекеттік қызмет алу барысында туындайтын мәселелерді шешуде цифрлық арналарды белсенді түрде пайдаланып отырғанын көрсетеді. Telegram-бот – тұрғындар үшін қолжетімді, жедел әрі ыңғайлы кері байланыс құралы. Ол азаматтарға өз өтінішін кез келген уақытта жолдауға мүмкіндік береді.
Өткен жылы келіп түскен өтініштер негізінде 5 тексеру іс-шарасы ұйымдастырылды. Тексеру барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталуы жан-жақты зерделенді. Нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауы, құжаттарды негізсіз талап ету, рәсімдердің толық орындалмауы сияқты кемшіліктер тіркелді. Бұл тексерулер – жазалау емес, ең алдымен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және кемшіліктерді болдырмау.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жауапты лауазымды тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта қайталамау жөнінде нақты ұсынымдар берілді. Әрбір нақты өтініш бойынша әділ шешім қабылданып, азаматтардың заңды мүдделері қорғалды.
Азаматтарды мемлекеттік қызмет алу барысында орын алған заң бұзушылықтар туралы жедел хабарлау үшін цифрлық кері байланыс құралдарын, соның ішінде Telegram-ботты белсенді пайдалануға шақырамыз. Ашықтық пен қоғаммен кері байланыс – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі.
Елдар Қызайбеков,
Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің
мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы





