Мемлекет басшысы туризм саласы мен балалар спортын қолдау мәселелеріне қатысты заңнамалық актілерге түзетулер енгізген құжатқа қол қойды. Жаңа ережелерге сәйкес, еліміздің бірқатар аймақтарында ойын бизнесін ұйымдастыру тәртібі түбегейлі өзгереді. Аталған Заң 2026 жылдың 17 мамырынан бастап өз күшіне енеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Uchet.kz сайтына сілтеме жасап.
Енгізілген өзгерістер бойынша казинолар, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар нақты белгіленген аумақтарда ғана орналасуы тиіс. Олардың қатарында Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Талгар ауданы, Ақмола облысының Бурабай ауданы, Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауы бар. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл және Зайсан аудандары да тізімге енген.
Жетісу облысы үшін жаңалықтың маңызы зор. Енді ойын мекемелері Панфилов ауданы мен Алакөл көлінің жағалауында орналасатын болады. Алайда заңның ең басты талабы – Жетісу, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы және Талғар ауданындағы казинолар мен ойын залдарына тек шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалар ғана жіберіледі. Қазақстан Республикасының азаматтарына бұл мекемелерге кіруге тыйым салынған. Тек қызметтік міндетін атқарып жүрген жұмысшылар мен арнайы тұлғалар ғана нысан ішінде бола алады.
Заңда ойын бизнесін орналастыруға қатысты қатаң шектеулер де қарастырылған. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, тарихи-мәдени маңызы бар жерлерде, сондай-ақ қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарына арналған жер телімдерінде казино ашуға болмайды. Аталған шаралар табиғи және мәдени мұраны сақтауға, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа реформаның негізгі мақсаты – ел ішіндегі құмар ойындарға тәуелділіктің (лудомания) алдын алу және туризм әлеуетін шетелдік қонақтар есебінен арттыру. Ойын бизнесін тек шетелдіктерге бағыттау арқылы бюджетке салық түсімдерін көбейту және жергілікті тұрғындарды әлеуметтік тәуекелдерден қорғау көзделіп отыр.





