Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығын атап өтеді. Негізгі заң тәуелсіз мемлекеттің берік іргетасына айналып, саяси жүйенің тұрақты эволюциясын қамтамасыз етті. Бұл – еліміздің тарихындағы аса маңызды белес әрі тәуелсіздіктің тұғыры мен заң үстемдігінің кепілі саналатын құжаттың үш онжылдықтағы рөлін бағамдайтын кезең.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Негізгі заңды құрметтеу және мүлтіксіз сақтау – бұл жоғары азаматтық жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Конституцияның тұрақты құндылықтарына сүйене отырып, біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет құратынымызға сенімдімін», – деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл сөзі Конституцияның демократия, азаматтық құқықтар мен ұлттық бірліктің кепілі ретіндегі негізгі рөлін айқындайды.
Конституцияны қабылдау арқылы елдің мемлекеттік құрылымы бекітіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары заң жүзінде айқындалды. Сондай-ақ билік тармақтарының арасында тепе-теңдік орнады.
ҚР Конституциясының негізгі қағидаттары:
-
тәуелсіз, демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет;
-
заңның үстемдігі және адам құқықтарының қорғалуы;
-
биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі;
-
Қазақстанның бірлігі мен аумақтық тұтастығы.
Бұл қағидаттар мемлекеттің саяси және экономикалық трансформациясының негізі саналады. Конституция қоғамдық өзгерістерге бейімделе отырып, бірге дамыды. 1998, 2007 және 2022 жылдары оған маңызды түзетулер енгізілді. Әсіресе 2022 жылғы референдумда халықтың тікелей дауыс беруімен қабылданған өзгерістер «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының құқықтық негізін қалады.
Конституцияның 30 жылдығы – тек мереке емес, сонымен қатар болашақ мақсаттарға көз салатын кезең. Президент әрбір азаматтың конституциялық қағидаттарды сақтауы мен саналы түрде түсінуінің маңыздылығын ерекше атап өтеді.
Қазақстан Конституциясы – жай ғана заңды келісім емес, ол азаматтарды біріктіретін, мемлекеттік саясатты айқындайтын және болашақ ұрпақ үшін тұрақты құқықтық негіз қалыптастыратын құжат. Қорыта айтқанда, Конституция – елдің құқықтық тірегі. Оны сақтау – тек заң талабы ғана емес, ортақ келісім мен әділетті қоғамның кепілі.
А. Амирханова,
Жетісу облысы Әділет департаментінің
құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы





