Әдеп – жай ғана мінез-құлық мәдениеті емес, ол биліктің беделін айқындайтын негізгі көрсеткіш. Қызметтік міндетін атқарып жүрген әрбір мемлекеттік қызметші ел алдындағы жауапкершілігін түсінуі тиіс. Себебі, халық биліктің іс-әрекетін алдымен қызметкер арқылы бағалайды. Яғни мемлекеттік қызметші – мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер, көпір іспеттес. Оның сөзі де, ісі де, жүріс-тұрысы да тек жекебасына ғана емес, бүкіл мемлекеттік жүйеге берілген баға ретінде қабылданады.
Мемлекеттік қызмет саласын реттейтін арнайы заңдар мен ережелерде әдеп нормалары нақты белгіленген. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы мен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мемлекеттік аппарат өкілдерінің мінез-құлқы қандай болуы тиіс екенін айқындайды. Бұл құжаттарда мемлекеттік қызметкердің өзіне, әріптестеріне, басшысына, бағынышты қызметкерлеріне, сондай-ақ, азаматтарға деген қарым-қатынас мәдениеті нақты жазылған. Әдеп кодексінің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің адалдық пен әділдікке негізделген жұмыс істеуін қамтамасыз ету, қоғам тарапынан сенімді нығайту және жемқорлық тәуекелдерін төмендету.
Қызметкердің әдебі ең алдымен азаматтарға көрсетілетін құрметтен байқалады. Әрбір адам мемлекеттік мекемеге келгенде сапалы қызмет алғысы келеді. Сонымен қатар, оған жылы сөз бен ілтипат қажет. Қызметкердің дөрекі сөйлеуі, салғырт қарауы немесе немқұрайды әрекеті бүкіл мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан қызметші әрқашан сабырлы, шыдамды, әдепті болуы керек. Халықпен қарым-қатынаста сыпайылық пен ашықтықты сақтау – мемлекеттік қызмет әдебінің басты қағидасы. Бұл талаптар тек ресми жағдайда ғана емес, тұрмыстық, бейресми ортада да сақталуы тиіс, өйткені қоғам мемлекеттік қызметкерді тек жұмыс орнындағы рөлінде ғана емес, күнделікті өмірдегі әрекеті арқылы да бағалайды.
Мемлекеттік қызметкер әдебі кәсіби ортадағы өзара сыйластықпен де тікелей байланысты. Әріптестер арасындағы түсіністік пен ынтымақтастық – қызметтің сапалы әрі нәтижелі болуына әсер етеді. Қызметкер ұжым ішінде өз пікірін білдіргенде даулы мәселені мәдениетті түрде талқылап, әрқашан ортақ мүддені бірінші орынға қоюы қажет. Басшылар бағыныштыларына әділ әрі әдістемелік тұрғыдан сауатты басшылық жасап, оларды тәрбиелеу, қолдау арқылы дұрыс үлгі көрсетуге тиіс.
Әділхан ҚЫСТАУБАЕВ,
Әдеп жөніндегі уәкіл
Алакөл ауданы





