Қазақстанда мобильді аударымдарды бақылаудың жаңа критерийлері күшіне енбек. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов үш ай ішінде 1 020 000 теңгеден көп қаражат түскен жағдайда қандай шаралар қолданылатынын нақтылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Qazaq.today сайтына сілтеме жасап.
Тексеру қалай жүзеге асады?
Вице-министрдің айтуынша, бақылау бірден айыппұл салудан басталмайды. Егер азаматтың шотына күмәнді аударымдар түссе, мемлекеттік кірістер органы алдымен хабарлама жібереді. Бұл – азаматқа жағдайды түсіндіруге немесе кәсіпкерлік қызметін заңдастыруға берілген мүмкіндік.
Егер адам хабарламаны ескерусіз қалдырса, салық органы ресми тексеру бастауға құқылы. Тек осыдан кейін ғана нақты салық сомасы есептеліп, төленбеген жағдайда іс сот орындаушыларына жолданады.
Тексеруге ілігу үшін 3 шарт:
Салық қызметінің назарына түсу үшін мына үш көрсеткіш бірдей сәйкес келуі керек:
-
Аударымдар үш ай қатарынан үзілмей түсуі қажет;
-
Ақша 100 және одан да көп әртүрлі адамнан келуі тиіс;
-
Үш айдағы жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан (биылғы есеппен 1 020 000 теңге) асуы шарт.
Туыстар арасындағы аударымдарға шектеу бар ма?
Жақын туыстар мен бауырлар арасындағы өзара ақша аударымдары үшін ешқандай жаза қолданылмайды. Вице-министр мұндай операциялардың автоматты түрде құқықбұзушылық болып саналмайтынын ерекше атап өтті.
Бұл жүйенің енгізілуі көлеңкелі экономикамен күресуге және шағын кәсіпкерлерді заңды жұмыс істеуге ынталандыруға бағытталған. Салықты уақытылы төлеу – мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуына кепіл болады.





