Қазіргі таңда нашақорлық күллі әлемнің өзекті мәселесіне айналып отыр. Ғасыр дертіне айналған нашақорлық кең етек жайып, өршіп тұр. Оның алдын алу мақсатында облыстық полиция департаменті түрлі шара ұйымдастыруда.
Атап айтсақ, Талдықорғанда облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен наркобұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшелері бірлесіп акция ұйымдастырды. Шара барысында тұрғындарға ағзадағы есірткі заттарының бар-жоғын анықтайтын экспресс-тесттен өту ұсынылды. Көптеген қала тұрғындары бұл бастаманы қуана қолдап, өздерінің азаматтық жауапкершілігін және қоғамға үлгі болуға дайындығын көрсетті. Сонымен қатар, «Самал» шағын ауданында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және қоғамдық даму басқармасы бірлесіп, «Бейнемазмұн түсіру – ҚР ҚК 299-бабы 1-1 бөлігі бойынша қоғамдық орындарда құқықбұзушылыққа азаматтардың әрекеті немесе әрекетсіздігі» бойынша есірткіге қарсы әлеуметтік эксперимент өткізді. Шараның мақсаты – азаматтардың күдікті графикалық бейнені салып жатқан адамға реакцияларын бақылап, талдау болды. Мұндай шара «Есірткіні тарату, сақтау, жөнелту – ҚР ҚК 297-бабы» атауымен де ұйымдастырылды. Шараны өткізуге облыстық полиция департаменті, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Жетісу жастары» КММ, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшелері мұрындық болды. Онда арнайы дайындалған адам Талдықорған қаласында такси жүргізушілеріне «күдік туғызатын оралған қорапшаны» тасымалдауды ұсынды. Оның міндеті – күдікті затты ұсынғаннан кейін жүргізушілердің әрекетін бақылау еді. Бұл экспериментке 8 такси жүргізушілері қатысты. Барлығы тасымалдаудан бас тартты. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді.
Облыс бойынша есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған 6 926 жастың қатысуымен жалпы саны 243 түрлі форматтағы іс-шара өтті.
«Жетісу-Ақпарат»





