Жетісу облысында 180 қылмыс қызметтік иттердің көмегімен ашылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2025 жылы өңірдегі кинологиялық қызмет қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресте жоғары тиімділік көрсетті. Қызметтік иттер есірткі тасымалының жолын кесуде, жарылғыш заттарды іздеуде және қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауда полиция үшін таптырмас құралға айналып отыр.
Жыл ішінде кинолог мамандар төрт аяқты серіктерімен бірге 1,5 мыңға жуық жедел-іздестіру шарасына қатысқан. Әсіресе, республикалық «Қарасора» іс-шарасы аясында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте қызметтік иттердің иіс сезу қабілеті шешуші рөл атқарды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі көңіл қуантады. Иттердің көмегімен ашылған 180 қылмыстың ішінде 18 дерек тікелей есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар ретінде тіркелді. Кинологтардың айтуынша, иттер тек заттарды тауып қана қоймай, қылмыскердің қашқан бағытын анықтау мен иіс арқылы тұлғаны сәйкестендіруде де үлкен септігін тигізеді.
Жетісу облысында мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Ішкі істер министрлігі кинологиялық орталығының нұсқаушыларымен бірге арнайы оқу-жаттығу жиындары жиі өткізіледі. Бұл жаттығулар шынайы қылмыстық жағдайларға барынша жақын форматта ұйымдастырылады, бұл иттің де, кинологтың да кез келген қиындыққа дайын болуын қамтамасыз етеді.
Бүгінде қызметтік иттер – тек жануар емес, олар сезімталдығы жоғары, төзімді әрі халық қауіпсіздігін күзетудегі адал серіктер. Олардың көмегімен көптеген қылмыстардың беті ашылып, кінәлілер жауапқа тартылуда.





