Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева елдегі құқықбұзушының портреті қандай екенін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
«Талдау нәтижесі қылмыскерлердің 80 пайызы жұмыссыз екенін, үштен бірі бұрын сотталғанын көрсетіп отыр. Тұлғаға қарсы қылмыстардың 30 пайызы мас күйде жасалады», – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов үкімет сағатында.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева елдегі құқықбұзушының портретіне тоқталды.
«Жыл сайын шамамен 60 мың адам қылмыстық құқықбұзушылық жасайды. Олардың ішінде 85 пайызы – ер адамдар, ал 15 пайызы – әйелдер. 93,8 пайызы (56 788 адам) – Қазақстан азаматтары, 2,9 пайызы (1 783 адам) – ТМД елдерінің азаматтары мен шетелдіктер. Қылмыстық құқықбұзушылықты көбіне 21 жастан 39 жасқа дейінгі тұлғалар жасайды. Бұл жас категориясы барлық құқықбұзушылықтың жартысынан астамын құрайды. Құқықбүзушының әлеуметтік портреті: 20-40 жас аралығындағы ер адам, жұмыссыз (77 пайызы), жоғары білімі жоқ (81 пайызы), мас күйінде (15 пайызы) құқық бұзады», – деді депутат.





