Қазақстан Республикасындағы оңалту және банкроттық процедураларының құқықтық негіздері елдің Конституция ережелеріне сүйенеді. Саладағы негізгі қатынастар 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V «Оңалту және банкроттық туралы» Заңымен және басқа де нормативтік құқықтық актілермен реттеледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құқықтық тәжірибеде еліміз ратификациялаған халықаралық шарттардың нормалары жоғары басымдыққа ие. Егер халықаралық келісімде ұлттық заңнан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданысқа енеді. Мұндай құқықтық база қаржылық қиындыққа тап болған субъектілердің төлем қабілетсіздігін реттеу кезінде процедуралардың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Саладағы мемлекеттік реттеудің басты міндеті – борышкер мен кредиторлар мүдделерінің әділ теңгерімін сақтау. Заңнамада берешекті реструктуризациялау, оңалту, борышкерді банкрот деп тану және банкроттық ісін қозғамай тарату сияқты негізгі процестердің жүргізу тәртібі нақты айқындалған. Аталған процестер заңдылық, әділдік, ашықтық және тараптардың адалдығы секілді іргелі қағидаттарға негізделеді. Әділдік қағидаты құқықты асыра пайдалану тәуекелдерін азайтуға көмектеседі.
Заңнаманың басым міндеттері қатарына процеске қатысушылардың заңды құқықтарын қорғау және кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың ең жоғары деңгейіне қол жеткізу жатады. Мемлекет оңалту немесе тарату шараларының ашық әрі белгіленген регламентке қатаң сәйкестікте жүргізілуінің кепілі қызметін атқарады. Қатысушылардың құқықтық нормаларды сақтауын мемлекеттік бақылау мен реттеу тетіктері қамтамасыз етеді.
Субъектіні банкрот деп тану сот тәртібімен жүзеге асады. Ол ерікті немесе мәжбүрлі сипатта болуы мүмкін. Ерікті банкроттық борышкердің өз өтініші негізінде басталса, мәжбүрлі банкроттық кредиторлардың немесе заңмен уәкілеттік берілген басқа тұлғалардың талап арызы бойынша қозғалады. Сот шешімін шығаруға борышкердің іс жүзіндегі төлем қабілетсіздігі негіз болады. Бұл жағдай әкімшінің кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығы туралы қорытындысымен нақтыланады.
Заң сонымен қатар сотқа жүгіну борышкердің тікелей міндеті саналатын жағдайларды да белгілейді. Мысалы, заңды тұлғаны тарату кезінде оның мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын өтеуге жеткіліксіз екені анықталса, тарату комиссиясы ұйымды банкрот деп тану туралы өтініш беруге міндетті. Аталған талаптарды сақтамау кәсіпорын басшылары мен меншік иелері үшін заңда көзделген ауыр құқықтық салдарларға әкеледі.
Берешекті реструктуризациялау мәселелері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың оңалту және банкроттық ерекшеліктері бойынша егжей-тегжейлі кеңес алу мүмкіндігі бар. Мүдделі тұлғалар Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі басқармасына жүгіне алады.
Мамандар Талдықорған қаласы, Жансүгіров көшесі, 113, 324-кабинет мекенжайында қабылдау жүргізеді. Сондай-ақ қажетті ақпаратты 24-12-21 телефон нөмірі арқылы алуға жағдай жасалған. Қаржылық қиындықтарды заң аясында шешу – кәсіпкерліктің тұрақтылығын сақтаудың маңызды қадамы.





