Аймақта 2 мыңға жуық тәртіп сақшысы бар. Солардың қырағылығы болар, орын алған құқықбұзушылықтың 90 пайыздан астамы тексеріліп, тергеледі. Осының нәтижесінде өткен жылы заң бұзушылық 6 пайызға төмендеген. 2024 жылы 3119 қылмыс орын алса, былтыр 2936 құқық- бұзушылық тіркеліпті. Сарқытбай Зәкірұлының айтуыншы, адам өлтіру 33,3 пайызға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 15 пайызға, зорлық-зомбылық 36 пайызға, ұрлық 24,3 пайызға, тонау 27,3 пайызға және бұзақылық 36,4 пайызға төмендеген. Облыстың бас тәртіп сақшысының айтуынша, қылмыстың ашылу деңгейі де жоғарылап, 69 пайызды құраған. Осындай етжеңді нәтиженің арқасында облыстық полиция департаменті республика бойынша 2-орынға жайғасыпты. Одан бір жыл бұрынғы нәтиже бесінші орын еді.
– «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу – тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның да міндеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігі мен заңның үстемдігі – қоғамның тұрақты дамуының негізі екенін бірнеше рет атап өтті. Осыған байланысты ішкі істер органдары құқықбұзушылықтың алдын алуға, халықпен өзара іс-қимылды күшейтуге баса назар аударуда. Мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі – балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз ортаны құруға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын жүзеге асыру. Тұжырымдаманы орындау аясында Ішкі істер министрлігімен 2026 жыл – «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» деп жарияланды, – дейді Сарқытбай Құсайынов.
Бас полицейдің сөзіне сенсек, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Адамгершілік-құқықтық жұмыс бойынша тәлімгерлер» балалар арасындағы құқықбұзушылықты төмендетуге өз септігін тигізуде. Өйткені менторлар мектеп оқушыларына дұрыс бағыт-бағдар беріп, психологиялық қолдау көрсетуге жұмыс істейді. Олардың жұмысының нәтижелі болуының өз себебі бар. Менторлардың арасында тәжірбиесі мол, бұрын ішкі істер органдарында істеп, зейнетке шыққан тұлғалар бар екен.
Жалпы, ҚР Заңына сай 16 жасқа толған адам ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бірақ, ауыр және аса ауыр қылмыс істеген болса 14 жастан бастап заң алдында жауап береді. Демек, 16 жасқа толмаған балалар заң бұзса олар үшін ата-аналары жауап береді. 2025 жылы кәмелетке толмаған 5 жетісулық Тараз қаласындағы арнаулы білім беру ұйымына бағытталған. Облыстың бас тәртіп сақшысы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың жеке профилактикасын күшейіп, осы бағытта ауқымды жоспары барын тілге тиек етті.
Жасөспірімдер мен жастардың арасындағы қылмыс атаулының негізін есірткі бизнесі құрап тұр. Былтыр өңірде 737 мың келіге жуық есірткі тәркіленіпті. Оның 449 келісі қарасора, 255 келісі марихуана, 17 келісі гашиш және 15 келісі синтетикалық есірткі. Өткен жылы ессіздерді еліткен бұл қылмыстың «отымен кіріп, күлімен шыққан» және ірі мөлшерде сатумен айналысқан 1 қылмыстық топ құрықталған.
Айтпақшы, есірткі бизнесінің көркін қыздырушылар әдеттегідей «белгі қоюшылар» (закладчик) болып отыр. Бас полицей былтыр бұл қылмыстың 54 дерегі анықталғанын алға тартты. 85 азамат құрықталыпты. Ал биыл жыл басталмай жатып 135 есірткіні «кәсіп етуші» ұсталған. Оның 12-сі «белгіқоюшы» болса, оның 3-еуі кәмелеттік жасқа толмағандар. Облыстың бас тәртіп сақшысы жуырда «синтетик» даярлайтын бірнеше жасырын зертхана анықталғанын алға тартты. Айтуынша, есірткі қылмысының алдын алуда әрбір тұрғын бейқам болмауы керек. Себебі, мұндай зертханаларда «есті кетірер уыт» даярланғанда өте жағымсыз иіс шығады екен. Мұндай жайларды аңғарған тұрғындар дереу құқық қорғаушыларға хабар беруі тиіс. Жастар мен жасөспірімдердің болашағына балта шауып жатқан қатерден сонда ғана құтыламыз.
Кездесуде Сарқытбай Құсайынов қоғамды интернет алаяқтық және дропперлік қылмыстар қатты алаңдатып отырғанын тілге тиек етті. Алдау мен арбауды кәсіп еткендер жаңа әдістер мен жаңа технологияларды пайдалана отырып, 40 жастан асқандарды «торына» түсіреді екен. Ал жастар алаяқтардың арбауынан ада. Есесіне, әккілерге көмектесуде жастар көш бастап тұр. Олар банк карталарын алаяқтардың пайдалануына беріп, қылмыстық схеманың жүйелі жүруіне септесуде. Аймақта тәртіп сақшыларының анықтауына сай 90-нан аса интернет-алаяқтық қылмысы тіркелген. Олардың 70-тен астамы ашылған. Сотқа жолданған.
– Кейбір азаматтар өздерінің банк карталарын немесе есепшоттарын үшінші тұлғаларға беріп, өздері де байқамай қылмыстық схемаларға қатысушы болып кетуде. Өткен жылдың қыркүйегінде ҚР Қылмыстық кодексіне бұрын-соңды болмаған 232-1 бабы енгізілді. Бұл бап дропперлік қызметке қатысты жауапкершілікті күшейту мақсатында қабылданды. Алаяқтарға көмектескендерге 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Мысалы, облыс аумағында дропперлікпен айналысқан 2 қылмыстық топ ұсталып, әшкереленді. Жақындарымыз опық жемесі үшін дропперлік туралы түсіндіргеніміз абзал, – деді бас полицей.
Халыққа атқарылған жұмыстарды таныстырған облыстық полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов «Заң мен тәртіп» тұжырымы тұғырлау үшін қоғамдық бірлік керек екенін алға тартып жиынды қорытындылады.
Дастанбек САДЫҚ





