Өткен жылдың қорытындысы бойынша көші-қон полициясы қызметінің жұмыс нәтижелері шығарылды.
Облыстық полиция департаменті мамандарының мәліметінше, былтыр «eQonaq» ақпараттық жүйесі арқылы өңірде 29 мыңнан астам шетелдік азамат тіркелген. Олардың 15 мыңнан астамы уақытша көші-қон есебіне алынған. Көші-қон полициясы қызметкерлері жыл бойы профилактикалық және бақылау іс-шараларын тұрақты түрде жүргізді. Нәтижесінде 7 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ең жиі анықталған заңбұзушылықтардың қатарын құжатсыз жүргендер бастап тұр. Атап айтсақ, 139 шетелдік азамат тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз жүрсе, 22 адам мемлекеттік шекара режимін және шекаралық аймақ тәртібін, 1 796 шетелдік азамат көші-қон заңнамасын бұзған. Ал 664 отандасымыз қабылдаушы тарап ретінде (жеке және заңды тұлғалар) көші-қон талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, 2025 жылы көші-қон заңнамасын өрескел бұзу деректері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалды.
Бақылау функциясымен қатар, көші-қон қызметі халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді де жалғастыруда. Жыл ішінде 166 157 облыс тұрғыны жеке куәлік пен паспорт алды Ал 1 839 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдады. Бұл мемлекеттік институттарға деген сенімнің және елге тұрақты өмір сүруге ниетті адамдардың жоғары екенін айғақтайды.
Облыстық полиция қызметкерлері көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты алдағы уақытта да жүйелі жалғастырады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі





