Сыбайлас жемқорлық тек экономикалық немесе құқықтық мәселе емес, ол ел дамуының, қоғамдық тұрақтылықтың және ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қатерлерінің бірі.
Осы орайда қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кез келген бастама үлкен маңызға ие. Соның жарқын мысалы – жуырда аудандық Мәдениет үйінде «Sarqan jastary» филиалының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп қағидатын» жүзеге асыру бойынша «Құқықбұзушылықтың алдын алу» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сурет байқауы өтті.
Аталған байқауда негізінен балалар шығармашылық үйінің жас суретшілері, шығармашылыққа жаны жақын оқушылар жемқорлықтың түрлі қырын бейнелеген. Туындылардың идеясы әртүрлі болғанымен бәрінің негізгі мақсаты – әділдік және азаматтық жауапкершілік ұғымдарын насихаттау.
Байқау барысында оқушылардың қолынан шыққан өнер туындыларын бағалаған қазылар алқасы өз ой-пікірлерімен бөлісіп, мұндай шаралардың жиі өткізілуін құптайтындарын айтты. Кейбір туындыларда үміт пен оң өзгеріс идеясы да басым болды: таза қоғам, әділ жүйе, жауапкершілігі жоғары азамат бейнесі көрініс тапты. Бұл көркем образдар тек сын айтуды ғана емес, болашаққа деген сенімді де нығайта түсті.
Жақсылық ИГІМАН
Сарқан ауданы





