Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында онлайн-платформалар арқылы терроризмді насихаттады деп айыпталған Семей қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында «Ислам мемлекеті» халықаралық террористік ұйымының қызметі террористік деп танылып, тыйым салынған.
Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың шілде айынан 2025 жылдың сәуір айына дейін айыпталушы «TikTok» әлеуметтік желісіндегі анонимді аккаунттар арқылы, сондай-ақ азаматтармен жеке әңгімелер барысында террористік сипаттағы материалдарды таратқан. Аталған материалдар зорлық-зомбылық идеологиясын қамтып, террористік қызметті ақтауға бағытталған.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Абай облысының прокуратурасы интернет желісінде террористік және экстремистік мазмұндағы материалдарды таратуға, репост жасауға немесе сақтауға қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын еске салып, азаматтарды осындай деректер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.




