Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жеке сот орындаушысының (ЖСО) үйді сатылымға шығару туралы қаулысын заңсыз деп танып, оның күшін жойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, ЖСО-ның өндірісінде бір ЖШС-нің пайдасына қарызды өндіріп алу туралы сот актісі болған. Өндірістік талап кепілге қойылған мүлікке – тұрғын үйге бағытталған. Алайда бұл үй заң бойынша кепіл берушінің жалғыз баспанасы болып табылады. Онда созылмалы ауруы бар зейнеткер мен оның отбасы мүшелері тұрып жатқан.
Даулы мәселе мүлікті сатылымға шығару мерзімі мен оның бағалануына қатысты туындады. Сот орындаушысы үйді 2024 жылғы 6 мамырда жасалған бағалау есебіне сүйеніп, 2025 жылдың қараша айында саудаға шығармақ болған.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, атқарушылық өндіріс шеңберінде бағалау туралы есеп жасалған күннен бастап бір жылдан аспаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін. Бұл талап мүліктің нарықтық құнының өзгеруіне байланысты тараптардың мүддесін қорғау үшін енгізілген.
Сот келесідей заң бұзушылықтарды анықтады:
-
Үйді бағалау туралы есептің мерзімі 2025 жылғы 5 мамырда аяқталған;
-
Сот орындаушысы мерзімі өткен құжатты негізге алып, мүлікті сатылымға шығарған;
-
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте бекітілген заңдылық, барабарлық және мүдделер теңгерімі принциптері бұзылған.
Жауапкер (ЖСО) сотқа өзінің қабылдаған шешімінің заңдылығын дәлелдейтін ешқандай айғақ ұсына алмады. Нәтижесінде сот ЖСО-ның үйді сатылымға шығару туралы қаулысын қабылданған сәттен бастап заңсыз деп танып, оны жойды. Сондай-ақ талап қоюшыға ол төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.
Бұл жағдай Жетісу өңіріндегі азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын көрсетеді. Жалғыз баспанасынан айырылу қаупі төнген отбасылар заң аясында өз құқықтарын қорғай алатынын дәлелдеді. Мұндай сот шешімдері мемлекеттік және жеке орындаушылардың заң талаптарын қатаң сақтауына септігін тигізеді.
Сот орындаушыларының әрекетіне қатысты қандай да бір заңсыздыққа тап болсаңыз, кәсіби заңгерлердің көмегіне жүгінуді ұсынамыз.





