Талдықорғанда интернет-алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаладағы орталық базар – күн сайын мыңдаған адам жиналатын орын. Мұнда жергілікті тұрғындармен қатар, шалғай елді мекендерден келген азаматтар сауда-саттық жасайды. Осындай адам көп шоғырланған аумақта полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Соңғы жылдары кеңінен таралған цифрлық қылмыстардың, әсіресе интернет-алаяқтықтың алдын алу бұл бағыттағы жұмыстың негізгі басымдығына айналған. Профилактикалық шаралар құқықбұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын қамтиды.
– Талдықорған қаласының орталық базарында жүргізілген ауқымды профилактикалық іс-шара барысында мыңнан астам азаматқа интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әрбір профилактика – қауіпсіздік кепілі, ал ақпараттандыру – қорғаныстың негізі. Таратылған мыңдаған жадынама – мыңдаған азаматтың қауіпсіздігіне қосылған үлес. Бұл бағыттағы жұмыс әрбір тұрғынға жеткенше жалғасады. Басты мақсат – азаматтардың жеке деректері мен қаржысын қорғау, – дейді тәртіп сақшылары.
Полицияның мәліметінше, мұндай жұмыстардың негізінде күнделікті жүйелі қызмет жатыр. Құқық қорғау органдары тек қылмыстарды ашуға ғана емес, олардың алдын алуға да ерекше мән береді. Әрбір жүргізілген түсіндіру жұмысы мен таратылған жадынама азаматтарды қаржылық шығыннан қорғаудың тиімді тетігі ретінде қарастырылады.
Профилактикалық іс-шаралар полиция қызметінің қоғам үшін маңызын арттырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.





