Спорт мектептерінің бірінде цифрлық қауіпсіздік және интернет-алаяқтықтан қорғану мәселелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Дәрісті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Марат Керимбаев пен Темірлан Елубаев жүргізді. Маңызды іс-шараға спорт мектебінің қызметкерлері мен жаттықтырушы-оқытушылар құрамы қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кездесудің негізгі тақырыбы әлеуметтік желілердегі алаяқтықтың және киберқылмыстың басқа да түрлерінің алдын алу шаралары болды. Полиция қызметкерлері интернеттегі ең жиі кездесетін алдау тәсілдері туралы жан-жақты айтып берді. Олардың қатарында жалған инвестициялық ұсыныстар, тауар сату жөніндегі жалған хабарландырулар, таныстардың атынан ақша аударуды сұрау, сондай-ақ пайдаланушылардың жеке деректерін алудың түрлі айла-шарғылары бар. Сонымен қатар жеке цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттерді көрсететін негізгі белгілерді түсіндіріп, күмәнді хабарламаларға немесе интернеттегі сілтемелерге қалай дұрыс әрекет ету керектігін айтты.
Жиын барысында киберполиция қызметкерлері:
«Профилактика – біздің жұмысымыздың негізі. Азаматтар интернет-алаяқтықтың түрлі схемалары туралы көбірек хабардар болып, цифрлық кеңістіктегі қауіптерді түсінген сайын, қылмыскерлерге өз арам пиғылдарын жүзеге асыру соғұрлым қиын болады. Ең бастысы – жеңіл ақша болмайтынын есте сақтау және желідегі кез келген күмәнді ұсынысқа аса сақтықпен қарау», – деп атап өтті.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері қатысушыларға алаяқтардың айласына алданбауға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және қандай жағдай болмасын жеке деректерді, банк реквизиттерін және растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуге қатаң түрде кеңес берді. Цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда әрбір интернет пайдаланушысы желідегі қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарап, қырағылық танытуы қажет. Мұндай тағылымды басқосулар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді.





