Талдықорған қаласында ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. 29 жастағы қала тұрғыны мемлекеттік көмек пен тұрғын үй кезегін «тездетіп беремін» деп, ондаған азаматты тақырға отырғызған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Күдікті азаматтардың сеніміне кіру үшін өзін мемлекеттік органдармен байланысы бар, «мәселе шешкіш» тұлға ретінде таныстырған. Оның «қызметтер тізімі» төмендегідей болған:
-
Қайтарымсыз гранттар: 2025 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік грант рәсімдеп беремін деп, алғашқы жәбірленушіден 300 мың теңге алған.
-
Тұрғын үй кезегі: 2025 жылдың наурызында тағы бір азаматты «баспаналы қыламын» деп алдап, 200 мың теңгесін иемденген.
-
Балалар жәрдемақысы: Күдіктінің ең негізгі нысанасы – балалы аналар болған. Ол 10-нан астам әйелге «бала күтіміне арналған жәрдемақыны ұзартып беремін» және «қосымша көмек алып беремін» деп уәде берген.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алаяқтың әрекетінен жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2 миллион 400 мың теңгеден асты. Жиналған қаражатты күдікті өз қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа өткізілді, айыпталушы тиісті жазасын алатын болады.





