Итті тірідей өртеп, жаға ұстатар қылмыс жасаған балалар ұсталды. Олар Алакөл ауданы, Қабанбай ауылының тұрғындары болып шықты. Бұл жайында Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, күшікті өртегендерін камераға түсірген жасөспірімдердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осы бойынша полиция өкілдері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды.
— Осы қылмысты жасады деген күдікке ілінген Қабанбай ауылының кәмелетке толмаған екі жасөспірімі ұсталды. Олар 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д.есімді балалар. Олар шұғыл ұйымдастырылған тергеу жұмыстарының алғашқы сағаттарында-ақ анықталды. Жасөспірімдер өздерінің жантүршігерлік әрекеттегі кінәларын толығымен мойындап, ауыр қылмысты қызық үшін жасағандарын жеткізді. Бұл – қылмыстық жауапкершілік көзделетін қаскөйлік жағдай, — деді Алакөл аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қуат Оспанов.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
— Қабанбай ауылының жанында Дәурен екеуіміз итті қызық көріп өртедік. Сол қылығымыз үшін кешірім сұраймыз, — деді жауапқа тартылған Ш.есімді 10-сынып оқушысы. Ал оның жанында болған Д.есімді 9-сынып оқушысы Ш.есімді балаға көмекші болғаны үшін халықтан кешірім сұрады.
«Қазақпарат» таратқан мәліметке сәйкес, күшікті өлтірді деген күдікпен ұсталған Ш.есімді бала — Талдықорған қаласындағы мешіт жанында орналасқан жекеменшік қайырымдылық мекемесінің тәрбиеленушісі. Ол осы мекемеде тұрады және орта білім беретін мектептің кешкі ауысымында оқиды. Бірақ коронавирус індетіне байланысты қазір нысан жабық тұрған көрінеді.
— Ш.есімді бала қайырымдылық мекемесінде тұрады. Ол былтыр қыркүйек айында осында қабылданған болатын. Бұл жерде белгілі уақыттарда әдебиет бағытында оқытамыз, жыр-дастан жаттатамыз. Балалар оңды-солды әрекеттерге кетпес үшін діни сауаттарын ашамыз. Ал тереңдетіп, бір бағытта діни ұйымға кіргізу мақсатында ешқандай бала дайындамаймыз. Ол бағытта тәлім-тәрбие бермейміз, — дейді «Талдықорған» жеке қайырымдылық мекемесінің ресми өкілі Ерлан Бердібеков.
Мәлім етілгендей, бұл жерге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары ғана қабылданады. Қыркүйек айында ашылған мекеменің қазір 20 тәрбиеленушісі бар. Мекеме өкілдері Ш-ның күшікті тірідей өртегенін естіп, жағаларын ұстап отырғандарын айтады. Тіршілік иесін айуандықпен өлтірген балалардың бірі 15 жаста, бірі 16-да. Қасында көмектеске Д.есімді бала бір үйдің жалғызы.
Айта кетейік, қылмыс Алакөл ауданының Қабанбай ауылында болды. Екі бала қапқа салынған күшіктің үстіне жанармай (бензин) құйып, тірідей өртеп жіберген. Онымен қоймай, бұл істерін бейнетаспаға түсірген.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





