Қазақстанда экстремистік және террористік бағыттағы кейбір әдебиеттерді сақтау заң бұзушылық болып есептеледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәжілісте бірінші оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдары туралы» Заң жобасына тиісті түзетулер енгізілді. Депутат Болат Керімбектің айтуынша, елімізде экстремистік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, дайындауға және таратуға бұрыннан тыйым салынған. Енді бұл тізімге аталған материалдарды жай ғана «сақтау» әрекеті де қосылды.
Неге жаңа норма қажет болды?
Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (ӘҚБтК) мұндай тыйымның бұрыннан бар екенін алға тартып, жаңа түзетудің мәнін сұрады. Бұл сауалға Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Алмас Наймантаев түсініктеме берді. Оның сөзінше, салалық заңдарда тек әкелу мен таратуға шектеу қойылған, ал сақтау мәселесі нақтыланбаған еді. Сондықтан жаңа норма заңнамалық базаны бір жүйеге келтіру үшін енгізілді. Бұл ретте жаза түрі өзгермейді, тек тыйымның құқықтық негізі нығая түседі.
Заң бұзғандарды қандай айыппұл күтіп тұр?
Әкімшілік кодекстің 453-бабы бойынша тыйым салынған материалдарды сақтағаны үшін келесідей санкциялар қарастырылған:
-
Жеке тұлғаларға: 20-дан 200 АЕК-ке дейін (2026 жылы 86 500 – 865 000 теңге);
-
Лауазымды тұлғаларға: 25-тен 300 АЕК-ке дейін (108 125 – 1,2 млн теңге);
-
Кәсіпкерлік субъектілеріне: 50-ден 2000 АЕК-ке дейін (216 250 – 8,6 млн теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
Айыппұл көлемі құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты белгіленеді. Заң жобасы азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуды және деструктивті идеологияның таралуына тосқауыл қоюды көздейді.





