Ескелді ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға тұрғындар белсенді қатысуда. Маңызды саяси науқаннан «Әжелер» ансамблінің мүшелері де шет қалмай, өз таңдауларын жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы
Ақына Сара, Қоңыр, Жалғызағаш және Сырымбет ауылдарынан келген 80-ге жуық әйел №128, №130, №109 және №106 сайлау учаскелерінде дауыс беріп, өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырды. Ансамбль мүшелері сайлау учаскелеріне ұлттық нақыштағы әсем қазақы киімдерімен келіп, халқымыздың салт-дәстүріне деген құрметтерін көрсетті.
Дауыс беру үдерісі ерекше жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтті. Әйелдер көтеріңкі көңіл күймен келіп, бір-біріне қолдау білдіріп, сайлау учаскелерінде бірлік пен жарасым атмосферасын қалыптастырды. Кейбірі халық әндерін орындап, дауыс беру сәтіне рухани жылылық сыйлады.
Ансамбль мүшелерінің айтуынша, ұлттық дәстүрді сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу – олардың басты мақсаты. Сонымен қатар ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғаларға белсенді қатысу да үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
– Референдумға қатысу – әр азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіреді. Сондықтан біз де өз таңдауымызды жасап, мемлекетіміздің дамуына қолдау білдіргіміз келді, – дейді ансамбль мүшелері.
«Әжелер» ансамблі аудандағы мәдени өмірге белсене араласып жүрген ұжым ретінде кеңінен танымал. Олар түрлі мәдени іс-шараларға, мерекелік бағдарламаларға және қоғамдық бастамаларға тұрақты түрде қатысып, ұлттық өнер мен халықтық дәстүрлерді насихаттап келеді.
Айта кетейік, Ескелді ауданындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы барлық талапқа сай, заңнамаға сәйкес ұйымдастырылуда. Ал «Әжелер» ансамблінің белсенділігі азаматтық ұстаным мен ұлттық мәдениетке деген құрметтің үйлесімін айқын көрсетті.





