Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Алматы әуежайының маңынан жер учаскелерін заңсыз беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр айтты.
«Tengrinews.kz» тілшісінің жазуынша, Талғар аудандық әкімдігінің қызметкерлері құзыретін асыра пайдаланып, халықаралық әуежай маңынан үй салуға жер телімдерін бөліп берген. Бұл туралы толығырақ Орталық коммуникация қызметінің алаңында вице-Премьер мәлімдеді. Ол:
— Әуежай аумағына жақын жердегі заңсыз құрылыс мәселесіне келер болсақ. Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Талғар ауданында әуежай маңында жер учаскелерін заңсыз беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары қызметтерін асыра пайдаланып, жеке шаруашылық жүргізуге, тұрғын үй құрылысын салуға әуежайдың санитарлық қорғаныс аймағынан заңсыз жер бергені анықталды. Санитарлық ереже бойынша санитарлық қорғаныс аймағында қайта салынып жатқан құрылыс, қайта құрылып не ұйымдастырылып жатқан бау-бақша серіктестігі немесе жеке саяжай учаскелеріне рұқсат етілмейді, — деді.
Еске салайық, 27 желтоқсанда Алматыдан ұшып шыққан 93 жолаушысы бар «Bek Air» ұшағы радардан жоғалып кетіп, Талғар ауданында құлаған болатын. Апат салдарынан 12 адам қаза болды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





