Жастар – қай кезде, қай қоғамда болмасын қоғам дамуы үші аса белсенді буын екені даусыз. Моржасынан будақ-будақ түтін шұбап, ұзыннан-ұзақ қазақ даласының о шеті мен бұ шетін дүрсілдете жалған бара жатқан локомотив елестейді көзімізге. Себебі жастар қоғамның – локомотиві. Дәл осындай әңгіменің тінін Талдықорған қаласында жастармен кездескен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаевтар тарқатты.
Коалиция өкілдері Конституциядағы жаңашыл бастамалардың елдің орнықты дамуына және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталғанын, сондай-ақ әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін сақтау қоғамдағы жауапкершілікті күшейтетінін ерекше айтты.
Жаңа Конституцияда білім, ғылым, мәдениет және инновация ел дамуының негізгі бағыты ретінде айқын көрсетілген. Бұл – мемлекеттің болашағы табиғи байлықпен емес, адамдардың білімі мен қабілетімен өлшенеді деген сөз. Құжатта ең басты құндылық ретінде адам, оның білімі, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық мүмкіндігі атап өтіледі. Яғни елдің дамуы жер асты қазбаларына емес, адам капиталына байланысты екені нақты айтылған.
Амангелді Есбайдың сөзінше, ұлттың ең үлкен байлығы – білімді жастар, олардың ғылымдағы жетістіктері, мәдениеттің өркендеуі және азаматтардың кәсіби табысы. Осындай құндылықтар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты дамуына негіз болады. Өз кезегінде Ғалиасқар Сарыбаев «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан Жұмабаевтың үміті әлі де лаулап жанып тұрғанын жеткізді. Қалай болғанда да жастар сенім үдесінен төмендемейді-міс.
– Қазіргі жастар – жаңа дәуірдің өкілі. Ақпарат пен технологияның арқасында олар әлемді бір сәтте көріп, жаңа идеялармен ой түйеді. Бірақ Мағжан сенген жастардың қасиеттері – ерік-жігер, ар-намыс, еңбексүйгіштік пен ізгілік – ешқашан өзгермейді. Бүгінгі жас ұрпақ тек білім мен технологияны меңгеріп қана қоймай, өзінің жүрегі мен ойымен, адалдығы мен ар-намысы арқылы елге үлес қосуы керек, – деді спикер.
Жиынға қатысушылар әр азаматтың ел болашағына бей-жай қарамай, саналы таңдау жасауы маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында аудан жастары елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты, конституциялық реформаларды және жаңа бастамаларды қолдайтындықтарын жеткізді.
Сондай-ақ жастар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, өзекті мәселелер бойынша пікірлер айтылды. Ашық форматта өткен кездесуде ұсыныстар мен ой-пікірлер ортаға салынып, еркін пікір алмасу жүзеге асты.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ





