Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы қоғам талқысына ұсынылды. Реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бір палаталы Құрылтай құру бастамасы аясында жүзеге асырылуда.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, жоба азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен 2000-нан астам ұсынысқа сүйене отырып дайындалуда.
Жобаның басты мақсаты – Конституцияны заман талабына сай жаңартып, адам құқықтарын мемлекеттің негізгі құндылығы ретінде бекіту. Комиссия жұмысының ашықтығы мен қоғаммен кері байланысы жан-жақты жариялануда.
Осы орайда облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева: «Бұл – жекелеген баптарды ғана түзету емес, мемлекетіміздің құқықтық жүйесін түбегейлі жаңғыртатын тарихи қадам. Жоба билік пен халық арасындағы сенімді арттырып, әр азаматтың құқығы мен еркіндігін нақты қорғауға бағытталған. Сондықтан әр қазақстандық бұл құжатқа бейжай қарамай, өз пікірін білдіруі керек», – деді.
Жобаға сәйкес Конституцияның құрылымы жаңартылып, мазмұнының 84 пайызы қайта қаралады. Мемлекеттік биліктің бастауы – халық екені нақты айқындалып, әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі. Сонымен қатар цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтарын қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігі, зайырлы білім беру жүйесі, отбасы мен неке институтын қорғау сияқты нормалар күшейтіледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт Конституцияның тарихына тоқтала келіп, бұл өзгертуде жекебастың құқықтары мен бостандығына баса көңіл бөлінгендігіне қуанатынын жеткізді. Баршамыз Ата Заңның жаңа жобасында «Өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы» деп тереңдете жазылғаны пікірге дәлел.
Жобаны талқылауда облыстық «Jetisý» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев Конституциядға қатысты ойларын ортаға салды. Облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Дәния Қыдырбаева тілдің құзыреттілігін арттыруды Ата Заңда күшейту жайлы ұсыныстар жаппай айтылуда.
Бұл әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатқан мәселе. Қысқасы, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның саяси, құқықтық және әлеуметтік дамуына жаңа серпін беретін құжат. Соңғы шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.
Гүлжан ТҰРСЫН





