Аймақта әскери-патриоттық тәрбиені жүйелі түрде дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімінің орынбасары, үйлестіру кеңесінің төрағасы Диас Есдәулетовтің төрағалығымен өткен отырыста осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру мәселесі қаралды.
Өткен жылы әкімдікте осы мәселелерге арналған кешенді жұмыс жоспары бекітілген. Онда отансүйгіштікке тәрбиелеуден бастап, материалдық-техникалық базаны нығайту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи коммуникация құралдарын енгізу және нәтижелілікті бағалауға дейінгі барлық бағыттар қамтылған.
Алайда алғашқы отырыстың өзінде бірқатар жүйелі кемшіліктер ашық айтылды. Облыстық білім басқармасының мониторингі кейбір аудандарда жұмыс формальді түрде жасалғанын айқындаған. Атап айтқанда, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Қаратал, Панфилов аудандары мен Текелі қаласында жоспарлар нақты өңірлік ерекшеліктерді ескермей, облыстық үлгіден көшірілген. Кеңес төрағасы әскери-патриоттық тәрбие сияқты стратегиялық маңызы бар салада формализмге жол берілмеуі тиіс екенін айтты.
Жиында қаралған маңызды мәселелердің бірі – жастарды әскери қызметке шақыру. Сондай-ақ, Отан қорғау азаматтық борыш екендігі жайлы түсінікті қалыптастыру. Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері бұл бағыттағы жұмыстар туралы баяндап, идеологиялық шаралар мен әскерге шақыру науқанының байланысын күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар аудандарда әлі күнге дейін кадет сыныптарының ашылмауы алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға нақты мерзімдер белгіленіп, жауапкершілік жүктелді. Жиында ерекше назар аударылған тағы бір бағыт – ақпараттық саясат. Диас Рахметұлы: «Бүгінгі Z буын дәстүрлі тәсілдерден гөрі цифрлық форматты тиімді қабылдайтыны белгілі. Осыған байланысты әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер, подкасттар арқылы жүргізілуі тиіс. Бұл – жастармен «бір тілде сөйлесудің» басты шарты», – деді.
Кеңес қорытындысында аудан, қала әкімдіктеріне әскери-патриоттық орталықтар құру, оған жастарды кеңінен қамту, материалдық базаны жаңарту жүктелді. Білім басқармасына педагогтардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені тарату міндеті қойылды. Ал ішкі саясат басқармасы ақпараттық сүйемелдеуді күшейтіп, патриоттық шараларды кең аудиторияға жеткізуі тиіс. Сондай-ақ, жауапты адамдарға алдағы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесі қарсаңында өткізілетін іс-шараларды бір реттік акция емес, жүйелі патриоттық науқан ретінде ұйымдастыру тапсырылды.
Патриоттық тәрбие жайлы әңгіме қозғалған кезде жауапты мекемелердің мойнына артып қоймай, отбасының да атқаратын рөлін естен шығармаған жөн. Соңғы уақытта ер-азаматтардың әскерге баруы өзекті мәселеге айналғанын жасыра алмаймыз. Бұл отбасындағы ер-азаматқа сай тәрбиенің аздығын байқатады. Міне, осының орнын толтыруда мемлекет арнайы жұмыс жоспарын құрып, іске кірісті. Әйтсе де отбасы осы істен бұғып қалмай, өз үлесін қосу міндетті. Ұлтжандылық – ортақ міндет!
Гүлжан ТҰРСЫН





