Алматы облысында коронавируспен күрес аясында бөлінген қаржыны жымқырған күдіктілер қамауға алынды. Бұл туралы Antikor News жобасының тікелей эфирінде айтылып, бейнематериал жүктелді.
— Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорына, сондай-ақ, оның орынбасарына қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, — деді агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.
Оның айтуынша, күдіктілер коронавирус пандемиясымен күресу шаралары аясында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген арнайы «Жедел жәрдем» автомашинасын жөндеу қызметі үшін жасалған шарт бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қою арқылы жалпы сомасы 3 024 930 теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда.
— Биыл 23 тамызда Алматы облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директоры мен оның орынбасарына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда, — дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілі.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Сурет — ғаламтордан





