Жетісу облысында «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер есірткі тасымалдау және өткізумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оперативтік мәліметтерге сәйкес, Алматы қаласынан жеткізу тізбегі анықталып, Алматы-Өскемен автожолында 65 жастағы ер адам мен оның Toyota көлігін жүргізген 29 жастағы ұлы ұсталды. Көлікті тексеру кезінде 19 килограмм марихуана тәркіленді.
Тергеу барысында күдіктінің ұлы есірткіні Жамбыл облысының 29 жастағы тұрғынынан алғанын мәлімдеді. Кейінгі іс-шаралар барысында күдіктінің 66 жастағы жұбайы да қолға түсті. Оның күйеуі мен ұлының әрекетін телефон арқылы үйлестіріп отырғаны анықталды. Әйелдің тұрғылықты жерін тінту кезінде тағы 1 килограмм марихуана табылды.
Облыстық прокуратурамен бірлескен жедел іс-қимыл нәтижесінде Жетісу аумағында жеткізуді ұйымдастырған Жамбыл облысының тұрғыны да ұсталды. Оның қожалығынан 10 килограмнан астам кептірілген марихуана тәркіленді.
Барлық қатысушылар қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға ескертеді: есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау немесе өткізу ауыр қылмыс болып саналады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.





