Жетісу облысы Ақсу ауданында екі азаматтың өз әкесін ұрып-соғып, қорлағаны туралы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сот шешімімен жәбірленушінің 31-34 жастағы ұлдары кінәлі деп танылып, тиісті жазасын алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Politico.kz сайтына сілтеме жасап.
62 жастағы қария әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы өз балаларының қысымына ұшырап келгенін мәлімдеді. Жәбірленушінің айтуынша, ұлдары одан үнемі ақша талап етіп, күш көрсеткен. Тіпті жанжалдардың бірінде оны ауыл сыртына апарып, соққыға жығып, жыртылған киіммен, аяқ киімсіз тастап кеткен. Ауыр соққыдан қария бір ай бойы төсек тартып жатқан. Жәбірленуші 2013 жылы отбасымен бірге Қытайдан тарихи отанына қоныс аударған. Бүгінде ол ауылдағы шағын шеберханада етікші болып еңбек етеді. Алайда ұлдары оның жұмыс орнында да тәртіпсіздік жасап, мүлкіне зиян келтіріп, жеке құжаттары мен ақшасын тартып алып отырған.
Қария бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгінген. Бұған дейін ағайындылар бір айға қамалғанымен, бостандыққа шыққан соң әрекеттерін қайта жалғастырған. Полиция мәліметінше, соңғы ұрып-соғу фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында шаралар қабылданды. Күдіктілер кінәлі деп танылып, қамау жазасы тағайындалды. Сот олардың мінез-құлқына 3 ай мерзімге ерекше талаптар қойды. Құқық бұзушыларға жәбірленушіге жақындауға ресми түрде тыйым салынды. Бостандыққа шыққаннан кейін олар міндетті түрде профилактикалық есепке алынады. Қазіргі уақытта полиция қарияның тартып алынған жеке куәлігі мен паспортын қалпына келтіруге көмектесіп жатыр.





