Жетісу облысында полицейлер шалғай ауылдардағы жастармен профилактикалық кездесулер өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысында полицейлер жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатындағы жұмыстарды белсенді түрде жалғастырып келеді. Бұл бағыттағы іс-шаралар тек қала орталықтарында ғана емес, ең шалғай елді мекендерде де өткізіліп жатыр.
Алакөл ауданының Қабанбай ауылында тәртіп сақшылары 9–11 сынып оқушылары мен колледж студенттерімен кездесу ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру және өз іс-әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға баулу. Кездесу «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті.
Полицейлер жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары мен оның қауіптілігі туралы түсіндірді. Әсіресе соңғы уақытта жиі кездесетін дропперлік – яғни жеке банктік шоттарды қылмыстық жолмен алынған ақшаны аудару үшін пайдалану әрекеттері туралы егжей-тегжейлі баяндады. Мұндай іс-әрекеттер бейқамдықпен жасалған күннің өзінде де қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні атап өтілді.
Кездесуде сондай-ақ есірткі заттарын тарату, интернет және офлайн кеңістіктегі қудалау (сталкинг), өзге де құқыққа қайшы мінез-құлық түрлерімен күрес мәселелері қозғалды. Полицейлер кез келген заңбұзушылықтың нақты салдары бар екенін, оның ішінде әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске салды.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбы да талқыланды. Жасөспірімдерге жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін сақтау, жолда абай болу және велосипед пен самокат айдағанда қорғаныс құралдарын пайдалану қажеттігі түсіндірілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамда заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру. Полицейлердің айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар олардың күнделікті қызметінің маңызды бөлігі болып табылады. Себебі дәл осы бағыт жас ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





