6 қазан мен 6 қараша аралығында Жетісу облысы аумағында «Жаңа жол» акциясы өтіп жатыр. Бұл бастама қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылықты нығайтуға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұл туралы 7-su.kz ақпарттық порталы Жетісу облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп хабарлайды.
Акцияның басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдардың қоғамға қайта бейімделіп, толыққанды өмірге оралуына жағдай жасау.
Полиция тарапынан нақты көмек
Талдықорған қаласы полиция басқармасының қызметкерлері шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Мәселен, жақында көмек сұраған азаматқа жұмысқа орналасуға жәрдем берілді. Полиция өкілдері оған жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес ұсынып, халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуіне қолдау көрсетті.
Мұндай іс-шаралар бас бостандығынан босатылған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне, қоғамға бейбіт түрде қайта қосылуына ықпал етеді. Сонымен қатар, қоғам мен полиция арасындағы өзара сенімді арттыруға да оң әсерін тигізеді.
«Жаңа жол» акциясы әрбір адамның өмірінде жаңа бетбұрыс жасауға мүмкіндік бар екенін және мемлекет пен құқық қорғау органдары тарапынан қолдау әрқашан бар екенін көрсетеді.





