Жетісу олблысында жеңілдетілген декларация негізінде қызметін жүзеге асыратын бизнес субъектілері үшін ставка мөлшеріне қатысты шешім қабылданды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін ҚР жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заңға қол қойды. Жаңа Салық кодексінің 726-бабына сәйкес жергілікті өкілді органдарға қызмет түріне және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру орнына байланысты белгіленген салық мөлшерлемесін 50 пайыздан аспайтын төмендету немесе арттыру құқығы берілген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпкерлерімен кешенді жұмыс жүргізді. Әрбір аудан және қалада бизнес өкілдерінің қатысуымен кездесулер мен кеңестер өтті. Нәтижесінде салық мөлшерін төмендету қажеттілігі туралы бірыңғай ұстаным әзірленді. Осы талқылаулар негізінде жергілікті атқарушы органдардың, аудандық және қалалық әкімдіктердің, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының атына ресми өтініштер жолданды.
Сонымен бірге депутаттардың қатысуымен бірнеше жұмыс кеңестері өткізілді. Онда бизнес-қоғамдастық өкілдері өз ұсыныстары мен дәлелдерін тікелей айтты. Бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша арнайы салық режимінің мөлшерлемесін төмендетуге қол жеткізілді. Нәтижесінде Талдықорған және Текелі қалаларында, сондай-ақ Кербұлақ ауданында 2 пайыз, басқа аудандарда 3 пайыз белгіленді.
Қабылданған шешім кәсіпкерлерге қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша бизнесті жүргізу үшін мүмкіндігінше қолайлы жағдайлар жасалады. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев салық жүктемесін азайту кәсіпкерлерге пайданы ұлғайтып қана қоймай, өз дамуына инвестиция салуға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ, бұл өңірдің экономикасына оң әсерін тигізетінін, облыстың бизнес-қоғамдастығын ратификациялайтынын айтты.
А. Байжұмақызы
Талдықорған қаласы




