Жетісу облысында заңсыз балық аулау дерегі анықталып, мемлекетке 470 мың теңгеден астам шығын келтірілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Өңірдегі тәртіп сақшылары қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мақсатында жүйелі рейдтер жүргізіп жатыр. «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Сарқан ауданында, Балқаш көлінің жағалауында заңсыз кәсіппен айналысқан тұрғын қолға түсті. Жетісу облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы мен Сарқан аудандық полиция бөлімі Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, 25 жастағы азаматты ұстады. Тексеру барысында ұсталған адамның тиісті рұқсат құжаттары болмағаны белгілі болды. Ол су жануарларына орасан зор зиян келтіретін, пайдалануға қатаң тыйым салынған монофильді талшықтан жасалған торларды қолданған. Мұндай құралдар балықтардың табиғи өсімін тежеп, су айдынының экологиялық тепе-теңдігін бұзады.
Тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 66 келіден астам балықты тәркіледі. Оның ішінде 51 келіден астам көксерке және 14 келіден астам табан балығы бар. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Есептеулерге сүйенсек, мемлекеттік балық қорына 470 мың теңгеден астам материалдық зиян келген. Қазіргі уақытта тәркіленген балық өнімдері сот шешімі шыққанға дейін арнайы тоңазытқыш камераларында сақталуда. Мамандардың пікірінше, заңсыз аулау әдістері су айдындарының экожүйесіне елеулі қауіп төндіреді. Монофильді торларды пайдалану балықтардың жаппай қырылуына әкеліп соғады. Егер табиғатты қорғау шараларына тиісті деңгейде көңіл бөлінбесе, жекелеген балық түрлерінің жойылуы мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің төмендеуі әбден мүмкін.
Балқаш көлінің биоресурстарын сақтау – тек полицияның ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Табиғатқа ұқыпты қарау арқылы ғана келер ұрпаққа таза әрі бай экожүйені қалдыра аламыз. Жетісу облысы аумағында браконьерлік деректерін анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасады. Табиғатты бірге қорғайық! Егер сіз заңсыз балық аулау деректеріне куә болсаңыз, құзырлы органдарға хабарлауыңызды сұраймыз.






