Жетісу облысында полиция қызметкерлері жастармен кездесіп, есірткіден сақтанудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында кең көлемді профилактикалық іс-шара өткізді.
Кездесу жастар арасында кеңінен танымал «Жайдарман» жобасының республикалық аймақтық лигасының жартылай финалымен қатар ұйымдастырылды. Бұл тәсіл арқылы полицейлер жас буынмен жақынырақ байланыс орнатып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.
Іс-шарада есірткінің зияны мен бір сәттік қателіктің салдары туралы әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, жазасын өтеп жатқан азаматтың бейнесұхбаты ұсынылды.
– Кез келген тәуелділік ұсақ нәрседен басталады – балағат сөзден, шылымнан, бір рюмка ішімдіктен. Ал ары қарай не болады? Сондықтан уақытында тоқтап, дұрыс таңдау жасау өте маңызды, – деді полиция қызметкерлері өз үндеуінде.
Мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастарды теріс әрекеттерден сақтандыру, жауапкершілік сезімін арттыру және қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру.





