Жетісу облысының «Жас сақшы» кадеттері Шымкент қаласында өткен Министр Кубогы үшін футбол жарыстарында үздік ойын өрнегін көрсетіп, құрметті екінші орынға ие болды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы.
Спорт – тек ойын емес, ол мінезді қалыптастырып, тәртіп пен бірлікті дәріптейтін маңызды күш. Бұл қасиеттер футбол алаңында ғана емес, өмірдің өзінде де зор маңызға ие.
Жарыс барысында жетісулық кадеттер өңір намысын лайықты қорғап, табандылық пен қажыр-қайраттың үлгісін көрсетті. Әр соғылған доп пен дәл пас – бірлік пен ерліктің, намыс пен тәртіптің айғағына айналды.
Жарысқа аттанар алдында Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығы мен тәлімгерлері жас спортшыларға сәттілік пен әділ ойын тіледі. Бұл қолдау кадеттерге зор мотивация беріп, олардың өз күшіне деген сенімін арттырды.
Құқықтық тәртіптің жас қорғаушылары өз ойынымен полиция қызметіне тән қағидаттарды – тәртіптілік, жауапкершілік және командалық рухты паш етті.
Екінші орын – бұл тек нәтиже емес, жас спортшылардың еңбегі мен талантына, табандылығы мен ерік-жігеріне берілген әділ баға. Олар Жетісу өңірі – абырой мен борышты, әділдік пен тәртіпті жоғары қоятын болашақ заң қорғаушыларының мекені екенін дәлелдеді.
Полиция департаментінің басшылығы «Жас сақшы» кадеттерін лайықты жетістігімен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта жас спортшыларды жаңа белестер мен жеңістер күтетініне сенім білдірді.





