Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі қоғамдағы өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Ол тек дене жарақатымен шектелмей, психологиялық қысым, қорқыту, экономикалық тәуелділікке түсіру, бопсалау сияқты түрлі формада көрініс табады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбіне отбасы ішінде жасырын қалып, дер кезінде тиісті көмек көрсетілмей жатады. Мамандардың айтуынша, ең маңыздысы – үнсіз қалмау және заң аясында әрекет ету.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда ең алдымен жеке қауіпсіздік мәселесіне мән беру қажет. Егер өміріңізге немесе денсаулығыңызға қауіп төнсе, дереу полицияның 102 нөміріне хабарласқан жөн. Қауіпсіз жерге – көршілер, туыстар немесе қоғамдық орындарға шығуға тырысып, әсіресе балалардың амандығын бірінші орынға қою қажет.
Мұндай жағдайларда дәлел жинау да аса маңызды. Дене жарақаты болған жағдайда медициналық мекемеге барып, анықтама алу керек. Сонымен қатар фото, бейне немесе аудиожазбалар, куәгерлердің байланыс деректері де құқық қорғау органдары үшін рөл атқарады. Полицияға жазбаша арыз беріп, оның тіркелгенін және арнайы нөмір берілгенін қадағалауды ұмытпаған жөн.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жан-жақты көмек көрсету жүйесі қалыптасқан. Дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау мекемелері тегін психологиялық, құқықтық кеңес беріп, қажет болған жағдайда уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Мұндай орталықтарға жергілікті әкімдіктер немесе үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүгінуге болады. Зорлық-зомбылықтың куәгерлері де бейжай қалмауы тиіс. Егер сіз мұндай жағдайды көрсеңіз немесе естісеңіз, бірден полицияға хабар беру – азаматтық міндет. Сонымен қатар жәбірленушінің қауіпсіз жерге баруына көмектесу және қажет болған жағдайда куәгер ретінде түсініктеме беру де маңызды. Себебі, дер кезінде айтылған ақпарат қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы нақты қорғаныс шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, полиция құқықбұзушыға қатысты 30 тәулікке дейін қорғау нұсқамасын шығара алады. Бұл нұсқама агрессорға жәбірленушімен байланысуға, үйіне келуге немесе қысым көрсетуге тыйым салады. Сонымен қатар сот шешімімен құқықбұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар қойылып, ішімдік ішуге немесе белгілі бір орындарға баруына шектеу енгізіледі. Ал ауыр жағдайларда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Психологтар мұндай жағдайда ең алдымен өз-өзіңізді кінәламауға кеңес береді. Зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік тек агрессорға жүктеледі. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше батылдықтың белгісі. Әсіресе балалардың көзінше болатын жанжал олардың психологиялық дамуына кері әсер ететінін ұмытпау қажет. Қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін арнайы байланыс нөмірлері де жұмыс істейді. Полицияның 102 нөмірінен бөлек, 111 бірыңғай сенім телефоны арқылы да тәулік бойы көмек алуға болады. Сондай-ақ жергілікті отбасын қолдау орталықтары мен дағдарыс орталықтары әрдайым қолұшын созуға дайын.
Қорытындылай келе, тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек бір отбасының мәселесі емес, ол – тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететін күрделі құбылыс. Сондықтан әрбір азамат құқықтық сауатты болып, мұндай жағдайларда бейжай қалмауы тиіс. Бірігіп әрекет еткенде ғана біз зорлық-зомбылықсыз, қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз.
Д. Ерденбеков,
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының заңгері
Кербұлақ ауданы





