Талдықорғанда Литва Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылуы өтті. Шараға қала әкімі Ернат Бәзіл, Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эгидиюс Навикас бастаған ресми делегация және құрметті қонақтар қатысты.
Басқосуда Ернат Дүйсенбекұлы елші Эгидиюс Навикас бастаған делегациямен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстан мен Литва арасындағы достық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны аталып өтіп, жаңа консулдықтың ашылуы халықаралық байланыстарды кеңейтуге, сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және инвестиция тартуға тың мүмкіндік беретіні жеткізілді.
– Бүгінде Талдықорған қаласы шетелдік инвесторлар мен іскерлік серіктестер үшін ашық. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға әрдайым дайынбыз. Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің кәсіпкерлері мен ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен бастамаларға серпін береді, – деді Ернат Бәзіл.
Өз кезегінде елші Эгидиюс Навикас Жетісу өңіріне алғаш рет келіп отырғанын айтып, сапардың басты мақсаты – Құрметті консулдықтың ашылуы екенін атап өтті.
– Құрметті консул қызметіне қазақстандық кәсіпкер Ислам Карагезов тағайындалады. Қазақстан мен Литва арасындағы қарым-қатынас саяси және экономикалық тұрғыдан жақсы дамып келеді. Жақында Қазақстанға Литва Сыртқы істер министрінің орынбасары келіп, саяси консультациялар мен бизнес-форум өткізілді. Алдағы уақытта экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық береміз. Әсіресе көлік-логистика, энергетика және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде де осы бағыттар талқыланды. Құрметті консулдықтың негізгі міндеті – Литва мен Қазақстан, оның ішінде Жетісу облысы арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтып, жаңа әріптестік мүмкіндіктерге жол ашу, – деді Эгидиюс Навикас.
Құрметті консулдық қызметінің негізгі бағыттары – Жетісу облысы мен Литва арасындағы іскерлік, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту, сондай-ақ мәдениет, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту.
Консулдық өңірде тұратын және аймаққа келетін Литва азаматтарына, сондай-ақ Литвамен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарға өз өкілеттігі шеңберінде ақпараттық және консулдық қолдау көрсетеді.
Айта кетейік, Литва Республикасының Қазақстандағы елшілігі Астана қаласында, ал Бас консулдығы Алматы қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, еліміздің бірқатар аймағында Литваның құрметті консулдары қызмет атқарады. Жаңа Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Литва арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтып, Жетісу облысының халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуге, аймаққа инвестиция тартуға және жаңа экономикалық жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек.
Айгүл БАЙБОСЫН





